Қара суық
Азынайды ызғырық, азынайды,
айналаңның айтатын назы – қайғы.
Талшық іздеп жөңкілген жұпыны жұрт
сүмеңдейді мұндардай басыбайлы.
Қарайды шақ түтігіп сұсты райы,
күреңітіп күннің де мыс шырайы.
Ығыр қылған өтпелі кезең мына –
тым ұзаққа созылған қыс сыңайлы.
Бір сыннан соң бір сын кеп
тұрған лек-лек,
тап бір заман қойғандай сынға шірет.
Көрген күнің кіл азап, бітпес бейнет,
таусылмайтын тауқымет – шын қасірет.
Құт-береке қашқан соң түнек жалмай,
тірлік ету мүмкін бе жүрек талмай.
Азып-тозып барады қайран ауыл,
тұяқ қалмай тігерге, қорек қалмай.
Кеткеннен соң амалсыз бойдан жылу,
кетеді екен әп-сәтте ойдан сұлу.
Білдіңдер ме, кімдердің мақсаты екен
ақ сарайын арманның ойран қылу?
Мақаш аға, жүйрік қой шіркін кеуіл,
шын тіледің өсімнің іркілмеуін.
Ер – нәуетек болған соң, әйел – бедеу,
көк көрпелер азайтты бүлкілдеуін.
Көлік сайлы, керексе кеме сайлы,
кәнігі сұм қанатын кеңге жайды.
Ебін тапқан қашанда екі асайды,
ебін таппас, апыр-ау, нені асайды?!
Байлық-дәулет буымен ыстағандай,
бастан-аяқ терімен тыстағандай.
Шонжарсынып, шоңсынып паңсынады,
қара жердің кіндігін ұстағандай.
Неткен қату қабағы, жүзі ызбарлы,
беттеп барсаң, сезесің бір ызғарды.
Жемқор пәле ол емес, тап бір сендей,
үйіп-төгер басыңа қырсықтарды.
Қара суық десем мен зар заманды,
ұқсатып көр торғайға бар шамаңды.
Қыспағына нарықтың шыдамаса,
жазықты ма титықтап шаршаған құл?!