22.05.2022
  233


Автор: Сəбит Бексейіт

Біреуден ілгері, біреуден кейін кім??

Ілгері кім біреуден, кейіні кім,
Байтірлігін пенденің, бейтірлігін
Жаратқанның жазуы десек егер,
Аямас та ешкімнен мейірімін.
Жүрсем егер біреуден ілгері мен,
Қолдау тапқам шуақты күндерімнен.
Біреулерден кейін мен жүрсем егер, –
Басынғысы кеп тұрар кім көрінген.
Болмасам да қоғамның кемеңгері,
Болмасам да жасампаз еңбек ері,
Болып келем айнымай ширек ғасыр, –
Коммуналдық қызметтің төлемгері.
Момын жанға ақылгөй мол-ау сыншы,
Табылмайды көп ретте қолдаушысы.
Жолақыны ұқыпты төлейтін мен –
Автобустың тұрақты жолаушысы.
Көрген бейнет зейнетпен ақталмаса,
Өркениет дегенің құр далбаса.
Он екі сан болғанмен СТН-ім,
Алты санды ақшам жоқ тым болмаса.
Талтаңдайсың қалтаңда ақшаң болса,
Қонатын бақ күттірмей шапшаң қонса.
Кедейлікпен байлығын білдірмейтін,
Кедей жұртқа бір табан жақын жүрмін,
Пақырлардың түсінем зарын, мұңын.
Арынды үнін Брюсов берсе кеше,
Бедныйланып** естілер сарын бүгін.
Қол қысқалық, жоқшылық қор қылады,
Қарыз алсаң, тұзақ сап, тор құрады.
Есепшотым банкте бар дегенмен,
Қысы-жазы ол құрғыр бос тұрады.
Түсім игі емес пе, ісім кенен,
Мен бір жанмын әйтеуір ісінбеген.
Тиын-тебен алғанда азын-аулақ,
Кассир қыздан ұялам мүсіркеген.
Айтпақ болып шындықты шырқыратып,
Жырға қостым бейнетті бұрқыратып.
«Тірлік кешкен жандар бар бізден жаман», –
Дейді маған Тілекең*** шын жұбатып.
Қайтем, барға – қанағат, шүкір деймін,
Пысқырмаймын байларға, түкірмеймін.
Күн кешуге жалданып қызмет етем,
Пайда қуып, пұл іздеп жүгірмеймін.
Тірлік кешем сонша кең пейіліммен,
Біреулерден ілгері-кейінді мен.
Әлеуметтік келбетім жұпынылау,
Маған болып жүрмесін зейінің кем.
Кімнен кейін екенім жақсы мәлім,
Кімге керек өтірік ақсиғаным.
Бір байшыкеш жаяу деп менсінбеді,
Мінгенім жоқ «Мерс» түгіл «Максиманы».
Кімнен сонда, япыр-ау, ілгерімін?
Болған жанмын мен де бір жігері құм.
Тұрмысы пәс жандардан тәуір тұрам,
Сәл жақсырақ жарлыдан күн көруім.
Ілгерімін, масқара, бомждардан,
Баспанам бар қорғайтын жел, ызғардан.
Ілгерімін жұмыссыз жүргендерден,
Шықпасам да малтығып қарыздардан.
Бар меншігім – үш әйнек, төрт қабырға,
Керек-жарақ сыяды зорға мұнда.
Жатақхана, пәтерде жалдамалы
Тентіредім, қиналдым, сорладым да.
«Бұрышы жоқ» атандым ел ішінде,
Шешем байғұс шерленді мен үшін де.
Өле жаздап намыстан шаққа отырды,
Ит қорлыққа келмеді сенгісі де.
Пәтер алдым бертінде, кешігіп мен,
Отбасымның қозғалды көші күткен.
Келешегі жоқ аудан саналса да, –
Майқұдықтың шетіне қосты тіккем.
Ашықтым да кезінде, жұтадым да,
Баса алмадым ілгері бір адым да.
Жанашырым, қолдаушым болмаған соң,
Жарық көрді кешігіп кітабым да.
Сенімі жоқ адаммын ертеңіне,
Қалай сене беремін ертегіге?
Ғайып болған «сәулетті болашақтар»
Сүмеңдетіп тағы да ертеді ме?
Қор болған жан қоры жоқ қалдыратын,
Қиналғанда шетінен алдыратын.
Өле қалсаң бір күні – қажет пұл жоқ,
Зират түгіл күмбездеп салдыратын.
Мирасым жоқ қалдырар, жоқ мұрам да,
Ескерткішті кітаптан соқтырам ба?
Күндер кетіп барады бет албаты,
Тоқтататын жоқ менде стоп кран да!
Жақсылыққа жете алмай, игілікке,
Жүген-құрық сала алмай бір күлікке,
Өмір шіркін сағымдай өте шықты,–
Бұлай бұлаң етерін жын біліп пе?
Айтқанменен бола ма тағдырға өкпе,
Болды, жетер, запыран зарды төкпе?!
Кешігудей кешіктім, ендігісі
Жетсем деймін кешігіп ақыретке…





Пікір жазу