22.05.2022
  126


Автор: Сəбит Бексейіт

Жыр-жасын

Білгеннен соң күрестердің тынбасын,
Көк аспанды тіліп өтті жыр-жасын!
Қара жерді қақ айырды жыр-жасын!!
Тауарихты ашып қара, сырласым,
Ақын сөзін халық ұйып тыңдасын.
Алты ауызын қоя тұрып ауылдың,
Жас жүректі «Марсельеза» шыңдасын!
«Марсельеза» шыңдасын!
Дүр сілкінтіп дүниенің дүбірі,
Жел өтінде өткен бүкіл ғұмыры.
Азаматқа
«Көзіңді аш, – деп, – сестеніп!» –
Қыр төсінде саңқылдаған тұр үні.
«Жүрме бос!» деп
шақырды елді тірлікке,
«Тізе қос!» деп
шақырды елді бірлікке.
Өз қолымен жаңа қоғам орнатып,
Желбіретіп алау түсті ту тіккен.
Сол бірлігің қажет бүгін ауадай,
Өсиетің дертті жанға дауадай.
Жаңа кедей ел болам деп жиылса,
Жәбірлемес жаңа манап, жаңа бай?..
Ұрпағына қалдырғаны – жыр, әні,
Азат дала – Алаш елі, Тұраны.
Зор өкініш – өз қолымен орнатып,
Сол қоғамның болғандығы құрбаны…
Жасын ұрды!
Оңбады ақыр сол қоғам,
Құрышпенен, сом болатпен сомдаған.
Киесі атып аруақты ақынның,
Талқан болды, жайрағандай бомбадан!
Сыр сандыққа жинап кетті асылын,
Алмағайып жырлап кетті ғасырын.
«Сым пернені басып қара» деп еді,
Ұмтылыстық ұғынбаққа бар сырын.
Кеңес елін үрей, қатер жайлады,
Ерлер басын тәуекелге байлады.
Ел бастаған көсем еді көреген,
Көрсоқырлар итжеккенге айдады.
Баурайында ел-жұртың қап, балаң қап,
Алатауға қарай бердің алаңдап.
Асқар таудың аржағынан не күттің?..
Сәкен аға, кеттің нені армандап?!
... Білдік біз де күрестердің тынбасын,
Көк аспанды тіліп өтші жыр-жасын!
Қара жерді қақ айыршы жыр-жасын!!
Сыр сандықты ашып қара, сырласым,
Ақын сөзін халық ұйып тыңдасын.
Алты ауызын қоя тұрып ауылдың,
Жас жүректі «Марсельеза» шыңдасын!
«Марсельеза» шыңдасын!





Пікір жазу