Жыр қайнары - Жаңаарқа
Әуел бастан Жаңаарқа – жыр қайнары,
Тыңдаушысын тамсантқан маңайдағы.
Құт қонған соң, Абыз ата аялдап,
Атанған ол кезінде Асанқайғы.
Асан абыз есімін иеленіп,
Айбынданды өңірім киеленіп.
Өлең-жырдың тиегі ағытылып,
Тіл өнері дарыды, күй өнері.
Ел мен Жердің
көрген соң жаңарғанын,
Болашағын шамалап – шалқар шағын,
Көзін салды қияға сұңқар ақын,
Аялаған Алаштың ақ арманын.
Сәкен ағам қырандай дүр сілкініп,
Досын мәз ғып, дұшпанын күрсіндіріп,
Жаңаарқа деп атауды ұсыныпты,
Көне жұртты жаңғыртып, нұр сіңдіріп.
Сәнді аймағы елімнің, әнді аймағы,
Көңіліңді өсіріп, марқайтады.
Жаңаарқа вальсі ойнап жөнелгенде,
Жан-жүрегің елжіреп жай таппайды.
Байдалы би – алаштың ер данасы,
Талай бағлан жұртымның бел баласы.
Анадайдан шақырып қол бұлғайды
Жасыл тоғай, әсем тау, кең даласы.
Жаралғандай құлпырып күннен нұрлы,
Ырыс қонған өлкеме сулы, нулы.
Тарихынан сахраның сыр шертеді
Ақтау, Ортау, Қызылтау, Қулы, Мұңлы,
Алған кезде Ақтаудың бекінісін,
Талай батыр көрсетті ерлік ісін.
Азаткер боп Хан Кене бастап барды,
Басын тігіп бәйгеге елдік үшін.
Өнерпазбен кіреді өңір өңі,
Гәкку назға бөленген көңіл көгі.
Ықылас пен Сайдалы Сары Тоқа,
Күмбірлеген күй болып төгіледі.
Еркебұлан өркені көркем неткен,
Сыбызғыны сызылтып, кернейлеткен.
Қайрат құрдас, Бекболат бауырым бар
Қазақ әнін жаңғыртып, мерейлі еткен.
Әсем әнмен әуелеп жансарайы,
Шаттық тасып, ел-жұртым масайрайды.
Заманамен жаңарды қайта жерім,
Азаттықтың атқанда таңы арайлы.
Әуел бастан Жаңаарқа – жыр қайнары,
Көзін ашқан өзі кеп Асанқайғы.
Жерұйығың, мен білсем, тап осында,–
Жүзі жарқын жерлесім жайраңдайды…
Той-думаннан арылмай сайран бағы,
Бола берсін Жаңаарқа – ән қайнары,
Бола берсін Жаңаарқа – күй қайнары,
Бола берсін Жаңаарқа – жыр қайнары!