22.05.2022
  183


Автор: Сəбит Бексейіт

ЭКГ: Жаралы жүрек жазбасы

Жүрек сыздап, маза қашты денеден,
Ұят болды, түсіп қалсам кемеден.
Саспас едім, жайбарақат көнер ем,
Берерімді беріп болсам елге мен.
Азияда жаңғырып тұр кек үні,
Ағараңдап өліктердің кебіні.
Таптап қырды келеді әне танкілер,
Жайқалып-ақ өсіп еді егіні.
Төскейінде тынбай тұр-ау зар әлі,
Беріде – Ауған, әріде – Ирак қаралы.
Ертегі елі – Бағдатты құртпақ жау,
Жабырқаған жүрек байғұс жаралы.
Өтірік пен өсек желі лекіді,
Жазықсызға өктем біреу зекіді.
Мұның бәрі жүрегіме зіл батпан –
Істен шықты, бұзылғандай тетігі.
Жұта алмастай ауаны енді мол қарпып,
Тұрғандайын кеудемді бір өрт шарпып.
Қан тасытып, ақыл-естен айырған
Шер-шеменнің шырқау шегі – инфаркт!
Зәрені алды ауыр сырқат тепкіні,
Зарығумен өтті өмірдің көп күні.
Жүрегіңе жүк тиесең зілмауыр,
Түптің түбі барар жерің – ЭКГ.
Кеудем – қобыз, әр пернесін қозғашы,
Өткенді айтып, бүгінді айтып боздашы.
Сала құлаш бүктеме боп шықтың сен,
О, жаралы жүрегімнің жазбасы!
Басылмастай сұм сырқаттың ентігі,
Баспалдақтан жасқанасың ендігі.
Қарға адымды баса алмаған сәттерде
Қара құрдым дүниенің кеңдігі.
Шипагердің мегзегені – ЭКГ,
Шүкір, Алла, жүрегім сәл бекіді.
Ирек-ирек, өркеш-өркеш сызықтар –
Жүрегімнің жыр жазбасы секілді...





Пікір жазу