22.05.2022
  134


Автор: Сəбит Бексейіт

Біз - аргонавтармыз

Бiз – аргонавтармыз
Қылған талай зұлымдық бiздi күптi –
аңсамаймыз қалайша iзгiлiктi!
Бiз – аргонавтармыз.
Өтiрiктiң нөпiрi шыңғыртты жүз –
аңсамаймыз қалайша шындықты бiз!
Бiз – аргонавтармыз.
Сұрқайлықтан запы жұрт жырды ұмытты –
iздемеймiз қалайша сұлулықты!
Жалған болмай,
шын болса өнер егер
дер ем онда: көнермей, көгере бер!
Жамандықтан жирентiп,
жақсылыққа үйретедi,
тағылықтың тағлымын күйретедi,
әсемдiктiң үрдiсiн
қалауы шын –
демек,
өнер адам үшiн…
Бiз – аргонавтармыз.
бiз бар үмiттi ақтармыз,
берiде қалмай, әрiге аттармыз,
өйткенi
бiздi арман алға бастап жүр.
Жоғалғанды мүдде еттiк қайтаруды,
Тiрiлткiмiз келедi айдай Аруды…
Бiз мәңгi бiргемiз,
Толқысын жыр-теңiз,
Жебей гөр, Чюрленис!





Пікір жазу