Балқан тау һәм талқандау
Бар талқан Балқаннан басталған,
сан бомба қарт тауға тасталған.
Ұшқыннан жалын лаулайтыны
Бисмарк сөзiмен расталған.
Қос бірдей дүние жүзiлiк
соғыстар тұр, мiне, тiзiлiп.
Тарихы – қап-қалың көк томдар,
жарылуға шақ тұр iсiнiп.
Өттi ұрыстар кескiлескен,
екi жақ берiспей тiрескен.
Көрiнбей кеттi Еуразия
айқұлақ бейiт пен крестен.
Жеңiстiң жалауы желбiреп,
сарбаздар қатары селдiреп,
45-те елге қайтқанда,
қарсы алды жүректер елжiреп.
Сол жылы, мамырда алайда
сұм соғыс бiткен жоқ қалайда.
49-да жалғасты ол...
Абайдың елiнде, абайла!
Қылған соң жын, шайтан, перi ұя,
қағынды Қызыл империя.
Тағдырын қалың ел – қазақтың
шештi бiр нақұрыс Берия.
Атағын аспанға шырқатып,
полигон сомдады Курчатов.
Залалы көгiмдi сөгiлттi,
Елiм мен Жерiмдi жусатып.
Пiр тұтып сұм тажал Атомды,
сан залым жұбатып шатылды.
Мың жылдық қасiрет – ыдырау
тұздай ғып құртпақ зәузатыңды.
Зымыран ұшыру бiр басқа,
зымиян ой бүгу бiр басқа.
Адамзат тағдырын шешпек боп
сан мәрте жиылды кiл қасқа.
Орнаса санаңа түн-түнек,
ол Атом лаңынан күштiрек.
Табиғат, Әл-ауқат және Рух –
гүрс етiп құлады үш тiрек!
Ер болу оңай ма езгiде,
ар-намыс ширатар ездi де.
Оянды қазақтың өренi,
Еркiндiк елесi кездi де.
Айбарлы Алаштың ұланы
секiлдi Барыстың аланы.
Ата жауға атылғанына
куә елiмнiң шоң алаңы!
Алан да Барыс боп ер жетер,
жөн жоқ қой мияулап кер кетер.
Ендi бiр отыз жыл iшiнде
асыл арманына Ел жетер.
Келедi сонда бiр Хақназар,
халқының бақытын бақ санар.
Қырық жыл береке, құт қонып,
заман да, адам да жақсарар.
Бойдағы үрейдi жеңе бiл,
ойдағы күмәндi жеңе бiл,
сәуегейге сенгiң келмесе,
Елбасына шындап сене бiл.