Парасат пен парыз
Ғасырым шоқтықты, асқарлы,
Бексейiт күйiмен басталды.
Қыдекем жазып шежiресiн,
мен бүгiн қашадым дастанды.
Түргенде құлақты сазына,
айтқандай заманға базына.
Мирасқор елгезек болмаса,
жоғалар сан асыл қазына...
Мына бiр “мәрттiкке” таңым бар:
дәуiрге мiн тақпас залымдар.
Жұп-жуас, монтаны жыр жазып,
тоғайған көңiлмен дамылдар.
Тегiнде тоқ пен аш ойнамас,
екеуi бiркелкi ойламас.
Жайланған, екi ұрты майланған
шындыққа тереңдеп бойламас.
Аулақ сап бойды ерсi iстен,
ойды аршып қияс-терiстен,
өркениеттi бағамдауды
үйренгем Карл Ясперстен.
Қашанда шаруа зар шеккен,
тоз-тоз боп үстiнде сар шекпен.
Олардың бейнетiн көргенде,
наркомың немене, Нар шөккен!
Сол түйткiл тапқан жоқ шешiмiн,
апырай, қара жер иесi кiм?
Ендi түзеуге келесiң бе,
ей, Ауылым – алтын бесiгiм?!
Өткенiм – ақ таңдақ, қара дақ,
бүгiнiм – тiрелген жарқабақ.
Төрелiк еткен соң тарихқа,
сизифше көр жүктi арқалап.
Ойларға батқанда тұңғиық,
отырам жанарға мұң құйып.
Тылсым сыр мен баққан тым терең,
пайымдар Парасат тым биiк.
Есiмдi мен қалай жиямын,
ғаламға қалайша сыямын?!
Қалайша өксiктi басамын,
көз жасын қалай мен тыямын?!