22.05.2022
  140


Автор: Сəбит Бексейіт

Ғасыр формуласы: Х + Х = ?

ХХ.
Сүйсiнген ем
ҒАСЫРДЫҢ ТАҢБАСЫНА.
Сан миллион жетердей жан басына,
ризығы – Нан тұратын 20 тиын,
сенген ел де осыдан танбасына.
Шыққандай боп ширығып дөң басына,
қондырылды белгi осы бомбасына.
Тауқымет боп төбеден төндi бәрi –
кiм кiнәлi осынша оңбасына?!
ХХ.
Аллюр* қос крест, деген-дi Олжас абыз,
дуалы ауыз айтқан сөз болмас аңыз.
Әйелдердiң жынысын белгiлейтiн
ҚОС ХРОМОСОМ екен бұл, қолдасаңыз.
Символға осы ауып бар ықыласың,
акушердей сергексiң, тұрғыласым.
Түйткiлдерден босана алмай жүрген
АМАЗОНКА ҒАСЫРЫ – жүктi ғасыр!
-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх-хх


ТIКЕНЕК СЫМ тәрiздi ел қамаған,
тың теңеуден тайсалма, серме, қалам!
“Қаззэкстанда”, Қарлагта тудық бiздер,
кеуделердi кернейдi шер мен нала!
Арысыңды жоқ қылған Жүйе, мiне,
зар ғып қойды ақыры сүйегiне –
ғасыр мен сым таңбасын ұқсатамын
Кремль қабырғасының жиегiне.
... ХХ..... ХХ..... ХХ..... ХХ..... ХХ…
Ашынғаннан жасалар мүмкiн ерлiк,
жау жағадан алғанда – iркiлер кiм?
Пiл сияқты өңкиген танкiлерге
бөгет жасап шеп құрған "КIРПIЛЕР" бұл!
Баррикада құрлығы – "Кеңес елi",
қарулы мен қарусыз егеседi.
Алматы мен Бакуде, Тбилисиде...
Еркiндiктiң кезген бұл елесi едi.
Х + Х = ?
Икс қосу Икс не болады?
Милы бастар – ойлардың дода алаңы.
ҚОС БЕЛГIСIЗДIК тұр екен ненi меңзеп:
тумас тағы замана зобалаңы?!
Өгiз өлер хал мынау, арба сынар,
шарпысулар күнiге, арбасулар.
Сәуегейлер жиылып, көрiпкелдер,
бiтер демес осымен адасулар.
Десек егер:
х1
– өткен жылдар,
х2 – қалған жылдар,
қосса екеуiн не болмақ нәтижесi?
Кiм болады күнi ертең СӘТ иесi?
Қарапайым есептi көлбеңдетiп,
отыр деме несiне Сәбит есiп.
92 + 8 = 100...
Пайыз ба, әлде қарыз ба – ал сол 100 не?
Күн туа ма кiретiн қан-сөл жүзге.
– Әл бол бiзге! – деп айтып, жылдан жылға
аламыз ба дилана Дән мол күзде?..
Замананың теңдеуiн кiм шешедi?
Басы қатып ғалымдар күн кешедi,
елбасылар зыр қағып тыным таппай,
бiлгiрлермен сәт сайын тiлдеседi.
Ақталсын де маңдай тер, табан ақың,
көрсетпе де мезгiлдiң жаманатын.
ЗАМАНАҚЫР болмас деп сенемiн мен,
өз есебiн шығарса ЗАМАНАҚЫЛ!





Пікір жазу