22.05.2022
  100


Автор: Сəбит Бексейіт

Солженицын жер иесі сен бе едің?

Тұғыр сөздер сүйретiлiп зорға жүр,
Серке сөзге iлес қазiр, Жорға жыр!
Өтiрiктiң нөпiрiне бөгет боп,
Төтеп берер керек бiзге мол қажыр.
Көнбеу үшін мазағына жазмыштың,
Өлмеу үшiн у тiлiнен жазғыштың,
Ағытылып жөнел бүгiн, сөз селi,
Ағытылып жөнел бүгiн, тасқын-жыр!
Деп жүр едiк: "Бұл да бiр ел көсемi",
"Теке сақал ерек бiтiп өседi".
Сөйткен саппас аржағынан мұхиттың:
Сақстанды "Зэкстан" деп бөседi.
Зэк-пайғамбар көз алартып жерiме,
Қожасынып қарап отыр елiре.
Отын оттап, суын сулап ол кеше,
Бүгiн келiп шер қосады шерiме.
Атамекен, куә саған көкте Күн!
Сенi бүгiн телiп алып теп-тегiн,
Үй иесiн келген қонақ басынып, –
"Зэк елi" емес, Кек елi боп кетпегiн?!
Ит жатады тойған жерiн өңгерiп,
Елдi қайтсiн, тумаған соң ер болып?
Монарх-сымақ Солженицын жайғасып,
Торт бөлгендей отыр сырттан жер бөлiп!
Орал жақты казактарға бөледi,
Сiбiр жақты тыңгерлерге бөледi.
“Қарлагтарды” зэктерiне бередi,
Тоңмойынша, соған қазақ көнедi.
Түлкi бұлтақ саясатың – бiр тылсым,
Сана-сезiм серпiлсiн де, сiлкiнсiн!
Тыңгерлер ме, тыңшылар ма қаптаған,
Казактар ма, кәззаптар ма – кiм бiлсiн?
Сыр тартқандай сары албасты сайтаннан,
Халықтарды жауықтырмақ шайпау жан.
Көк сүңгiсiн қақ бөлетiн кәпiрдiң,
Өткiр сөзiм, алмас жырым – айбалтам!
Кәрлi жүзбен зәр төгедi жұртыма,
Қан толтырып екi бiрдей ұртына.
Тамырына балта шауып Достықтың,
Көнбес ЕЛIМ қаңғыбастың ырқына?!
Ежелгi Русь – көршiсi Ұлы даламның,
Жылнамасын жазған талай қаламның.
Сарытауым Саратов боп кетсе де, –
Ол да кеше қонған жұрты бабамның.
Қонақ келсе – қазан асып, шай демдеп,
Көрпе төсеп: "Төрге шық!"- деп бәйек боп,
Салмайтұғын есiгiне құлып та,
Қазағыма айтылады қай өкпе?
Ұлықтарың салғызды ма шекара,
Ортақ дедi, ашық дедi екi ара.
Аярлардың "доспыз" деген сөзiне
Алдандың-ау, аңқау халқым, бекер, ә?
Жүзеге аспас деп бiлемiн ой харам,
Ата жаудың шабуылын тойтарам.
Қызыл сөзге дес бермеген қазағым, –
Уды умен, оқты оқпен қайтарам!
Сөйле, ШЫНДЫҚ , тосылмастан бiр сөйле,
Сабалақ ит тiлiмiздi күрмей ме?
Сұңғыласып сұңқылдамай жат жерде,
Жақсы болса... Ресейiнде жүрмей ме?
Басқыншылық қара күш пе сенгенiң,
Ен байлыққа толмады ма шеңгелiң?
Қазақ жерiн тастайтұғын бөлшектеп,
Ей, қаскүнем, жер иесi сен бе едiң?!





Пікір жазу