Палестина: жыр мен жебе
\Қала алмаймын томаға тұйықталып,
Һәм ұйықтай алмаймын ұйып қаным.
Адамзаттың бөлiсем мұң-наласын,
“Интернационал” – ең сүйiктi әнiм!
Думан қалды жайына, жиын қалды,
Көзiм талды демеймiн, миым талды.
Құрлықтарды кеземiн қиялыммен,
Кешем бастан әйбат хал, қиын халдi.
Бiр жасаса, жасайды тiл ғажапты,
Соны бiлiп ақындар жыр қашапты.
Дүниенiң көтерем саулығы үшiн –
Жеңiл шарап емес тек, зiл азапты.
Тумысынан КҮРЕСКЕ құштар ақын,
Сын-сынақта жарқылдар күш-таланты.
Шыңдалады шайқаста сөз семсерi,
Жыр жебесi ұрыста ұшталады!
Кеудем де ашық Әлемге, жүрегiм де,
Аппақ менiң ниетiм, тiлегiм де.
Тура Айдай аңқылдап сыр ақтарсам,
Тура Күндей жарқылдап күле бiлгем.
Өйткенi мен
Әлемнiң жанарымын,
Гүл жамалын аймалар самалымын.
Мен –
Әлемнiң тiлiмiн, құлағымын,
Мен –
Әлемнiң жанашыр саналы ұлы.
Тұйықталғым келмейдi, тұйықталғым,
Дауыл халдi аңсаймын, құйын халдi.
Ел қайғысы жүрегiн езгiлеген
Мен сол
Араб ақынын сүйiп қалдым.
Қарсы аламын деп едiм күлiп таңды,
Қуаныштың қақпасы құлыпталды.
Жанып кеттi тағы бiр аяулы ақын, –
Мұң мұнары жанарда тұнып қалды…
Аққу-қаздар қайтады өз көлiне,
Туған көл деп тамшы жас көзге iлiне.
Өз жұртына қайтуда киiк, құлан,–
Бiлесiң сен мұны да, өзгенi де…
Туған жерге қайтар ма сенiң елiң,
Бақыт әнiн айтар ма сенiң елiң?
Бұдан былай ол жәйлi бiле алмайсың,
Сенiп едiң сен бiрақ, сенiп едiң…
Босқан елiң, панасыз Палестина,
Сенi жоқтап жылаған ер естияр.
Жел үнiнен ызыңдап, азынаған
Ән ести ме, жоқ әлде зар ести ме?
Муин Бсису, болғайсың сен де бақыл,
Уақыт қанша қақса да жел-қанатын,
Қамыменен қарақан қу басының
“Мен” деп емес,
өледi ЕЛ деп ақын!