22.05.2022
  126


Автор: Сəбит Бексейіт

Заман мен адам

Заман илеп Адамды бүгiлдiрмек,
бiр жылатып күнiге, бiр күлдiрмек;
ит мiнгiзiп, ирек қамшылатып,
ерғашты ғып қайткенде түңiлдiрмек.
Түңiлгенде пендеңе таяныш кiм,
қолын қағар кiм бар-ау жаналғыштың?
Қайда барсаң Қорқыттың көрi күткен –
аянышты қор халiң, аянышты!
Күйiң келмей, оңбаса үй тұрмысың,
қажисың рас тiрлiктен ит ырқылжың.
– Қандай қайла болмақ ? – деп
жөн сұрасаң,
мiнберлердi босатпай би тұр мылжың.
Мен пәсейсем, ортаяр көңiлде айдын,
мен жасысам, жоғалар өңiмде айбын.
Адамыңның қайғысын заман қайтсiн,
Заманыңның қайғысы – менiң қайғым!





Пікір жазу