Қасірет жауыны
Қарқаралы қаралы…
Арқадағы дара жұрт,
арқаланған айбыным.
Тарқамады қара бұлт,
тарқамады қайғы-мұң.
Қарқаралы қаралы…
әлi күнге сыр берер
Полигонның зардабы:
ауру меңдеп, шерленер
аяулысы, ардағы…
Бiрiншi һәм екiншi
ұрпақ өтсе қан қақсап,
үшiншi ұрпақ, бекiншi,
жүре ала ма жан сақтап?!..
Қарқаралы қаралы…
Жаңаарқа жаралы…
Қара құрдым iшiне
қапияда түстiк пе?
Алашымның Аралы
аһ ұрады түстiкте…
Аз ба көрген құқайы
атың өшкiр Атомнан?!
Түгел мейман ұпайы,
жұбатқансып шатылған.
Жоқ деп айтқан зияны
Петрушенко, Цыб кеше.
Қазақтың қай қияны
зар шекпедi, түптесе…
Жоқ ұрыс та, атыс та,
жым-жырт жатыр жазығым.
Гәп бар бiрақ Батыста –
азынайды Азғырым!
Момынға үйiр қайдағы:
шын сор – ғарыш айлағы,
желбiреген үстiнде
бөтен елдiң байрағы.
Құтылып ек Атомнан,
төндi көктен «Протон».
Ықпас мейман датымнан,
жiби қоймас сiрә тоң.
Жұлдыз жауса бiр сәрi,
жауын жауса бiр сәрi,
бұршақ жауса бiр сәрi.
У жауғаны не сұмдық!
Дерт жауғаны не сұмдық!!
Шер жауғаны не сұмдық!!!
Самұрық кеп төбемнен
саңғығаны неткенi:
бастан Бақыт кеткенi,
бастан Бақтың кеткенi,
қолдан билiк кеткенi!!!
Кепсiз емес гептилi,
тыныс жолы кептелiп,
бас ауырып, мәңгiрiп,
мүскiн болды ел шектелiп.
Қазағымның көп екен
шолжыңы мен еркесi,
ел бастайтын жоқ екен
ай мүйiздi Серкесi.
Қонақ билеп есiрдi,
жи, жамиғат, есiңдi.
Оттау емес бостекi,
ТОҚТАМ керек кесiмдi!
Шошқа аунаған шалшықта –
Атомкөлде қала алмас,
өкпелетiп алдық па,
келмейдi ендi Қарлығаш?!
Қарқылдап бiр қарға жүр,
түгесiлдi әл-қажыр.
Таусылмайтын бейнетi
қазақ – Сизиф дәл қазiр.
Сарқылғандай күнiм де –
үрей толы үнiмде.
САРЖАЙЛАУЫМ кешегi –
ЗАР ЖАЙЛАУЫ бүгiнде!