22.05.2022
  138


Автор: Сəбит Бексейіт

Ғасырымның қатесі - менің қатем

Уайымды күлкiден басым етiп,
қарайламай барады ғасыр өтiп.
алмағайып дүние тағдырымен
астасады менiң де қасiретiм.
Жүрегiме зiл батпан жүк артқанда,
жан-жүйкемдi қылдай ғып жұқартқанда,
Жұбата алмас ешкiм де, ештеңе де,
көңiл кешiн қуа алмас туар таң да.
Бәрiн бiлмек болып ем Гильгамештей,
жансам деп ем маздап бiр жылдам өшпей.
Өршеленбей кедергi кездескенде,
талабымды тәрк етiп қылғам ештей.
Кейде кешкен тiрлiктен шошынамын,
шалыс қадам бiр өңкей, тосын адым.
Қоғам өзi дағдарып жатқан кезде
мен де қарап қалмадым – бошырадым.
Бейуақыттың зәһарын мелдектеген
балдай жұтып, ес қалмай елпектеп ем.
Ұят болды еңкейген қариядан,
ұят болды сәбиден еңбектеген.
Қырқа төмен жатыр-ау, белес төмен,
қайда менiң Көктөбем елестеген.
Қарашығым тамыры терiс бiткен –
терiс туған жұлдызым емес пе екен?..
Туған жердiң көргенде құба таңын,
өзiмдi өзiм кейде бiр жұбатамын.
Атаң қазақ “үмiтсiз шайтан” деген,
Пырақ жылын мен дағы ұнатамын.
Әл әзiрде дұрыс қан айналысым,
үзiлген жоқ Әлеммен байланысым.
Беймаза ми бiр тыным берер емес,
сырттай жайраң қаққанмен, майдан iшiм.
Майдан iшiм!
Ойларым қақтығыста,
шырғалаңнан жол iздеп нақты, қысқа.
Ақтық ұстам таусылып, асығамын
көптен қалған үйiлiп қат жұмысқа.
Ғасыр асыл болмаса, ерi – масыл,
итi ойнақтап, салмайды бөрiң асыр.
Асырғанмен жақсысын, дәтiң барып
қалай ғана жаманын жасырасың?!
Асып-тасып тұрғандай айбары шын,
шарт-шұрт болып қаламыз кейде ар үшiн.
Айтып-айтпай не керек, бiр ақиқат:
Бейуақыттың болмайды Бейбарысы!
Бейуақытқа бейбақ боп рас ұрындым,
күйкiлiгiн көрсетiп тасыр ұлдың.
ҒАСЫРЫМНЫҢ ҚАТЕСI –
МЕНIҢ ҚАТЕМ,
МЕНIҢ ҚАТЕМ –
ҚАТЕСI ҒАСЫРЫМНЫҢ!!!





Пікір жазу