22.05.2022
  97


Автор: Сəбит Бексейіт

Иосиф Бродский

Масылды ұққан асыл деп,
асылды ұққан масыл деп,
кеңкелес елде қашанда
мияқы, миқұрт тасыр көп.
Қағазға түссе хас өрнек,
бұйырар жендет қаз ор деп.
Адалдың бағы тайғанда,
арамның кеткен тасы өрлеп.
Кеңкелес елдiң қоры кiм? –
пақырдың көнбiс соры мың.
Жақып боп бiздер түс көрдiк,
Жүсiп боп өзiң жорыдың.
Сөйлесек егер жалғансыз,
тiрлiктi кештiк талғамсыз.
Ес-түссiз бiздер Өң-Түстi
айыра алмай қалғанбыз.
ҚаҺардан қорқып ығыппыз,
зәҺарға тойып бығыппыз.
«Ел құлымын» деп жүргенде,
делқұлы болып шығыппыз.
Ақ жүзiн жасқап айбатпен,
пәк жанын былғап ғайбатпен,
Озбыр – топ тұтқын – ақынды
сабылтты тар жол, тайғақпен.
Шындықты, ақын, айта бер,
бөгеттi бұзбас жайдақ ер.
Карцердей болып тарылды
Ресейдей сонша байтақ ел.
Масыл деп, жатыпiшер деп,
арамтамақ деп кiл жерлеп,
Бектi құл етпек болды иттер,
аяғын, қолын шiдерлеп.
Сотталып кете барды ақын,
кiршiксiз жаны – арлы ақын.
Өткеннiң сызы қалған соң,
сұрауға бүгiн бар хақым:
– Архипелаг Гулагың
шығарды елдiң тулағын.
Мерт болды сонда Мағжандар
Һәм талай аты шулы ақын.
Өткендi келсе барлағың,
мыңдарды жұтқан Қарлагың.
Тәлкекке түскен тағдырлар,
зарлағын, қане, зарлағын!
Бұлтара бермей айла- еппен
сөйлешi, төрем, жайлап, кең.
Миллион жұмыссыздарды
соттайсыңдар қай баппен?!





Пікір жазу