22.05.2022
  99


Автор: Сəбит Бексейіт

Саттардан тагорға дейін...

Жырлағанмын мен кеше Саттар жасын,
Мен де сол кез болғанмын оттарға асық.
Қас қағымға мәңгiлiк сыйса дедiм,
Дарбазасын кеудемнiң арманға ашып!
Маза берген Лермонтов жасы кiмге,
Муза әлемi жоқтайды асылым деп.
Қыран-ғұмыр қасында самғап өткен,
Құзғын-тiрлiк кешерлiк ғасырың не?!
Өттi жасы от болып Төлегеннiң,
Өртеп өткен өзегiн өлең лебi.
Қазақ жыры мың жасар емен болса,
Бiр бұтағы едi ғой сол еменнiң…
Таяп қалды, қорқамын, Пушкин жасы,
Мүскiн басым қайтейiн ышқынғасын?!
Жұлдыз болып Жер-көкте жанбасам да,
Өтсем едi тым құрса ұшқын шашып!..
Мұқағали жасы да тым жақында,
Сымбатым да жыр едi, қымбатым да.
Өзiмдi өзiм туды сәт қамшылайтын,
Өлең жазып бередi кiм ақынға?!
Алыс емес, әне аулы, – Абай жасы,
Шығар алдан жас толқын “ағайласып”.
Қара шалдың жеткенмен сен жасына,
Дана шалша жазар ма ең, абайлашы?..
Үмiттенсең, бар әлi Тагор жасы,
Арман тiптен сол жастың қақ ортасы!
Алғырын да, ұлысын, данасын да –
Тiзбеледiм Музаның когортасын.
Жасаса да қанша олар – ақын жасы,
Сезiм жасы, ой жасы, ақыл жасы.
Дүниеден өтсе де ертелi-кеш,
Күнде жүрем бәрiмен бақұлдасып.
Бiр ғасырға парапар бiр ғұмыры,
Қай-қайсы да табынар ұлы пiрiм.
Ақын жасы – толассыз өлең көшi,
Мейлi аз болсын, мейлi көп –
ЖЫР ҒҰМЫРЫ!





Пікір жазу