22.05.2022
  121


Автор: Сəбит Бексейіт

Сөйлеймін жыр тілімен

Мен түсiнем ақынын бар халықтың,
Мұратым бiр олармен, арманым бiр.
Бәрi
Бесiк жырынан бастау алып,
Бәрiнiң
жыры Анаға арналып тұр.
Өлең көшiн,
Жыр көшiн тежер қай күш,
Көшедi өлең,
Көшедi ежелгi айтыс.
Жырстаным – мәуелi Бәйтерегiм,
Жапырағын,
Тамырын кенен жайсын!
Дәстүрiм деп
Абай мен Жамбылды айттым,
Махамбеттей ақ семсер алғырды айттым.
Жаңашылдық дегенде, тосылмастан, –
Олжасты айттым,
Жұмекен, Қадырды айттым…
Жүрек сөзiн айтқан бiр жыр-ән туса,
Дүр сiлкiнiп қаламыз қыран құсша!
Жазса дағы бенгалша дана Тагор,
Жазса дағы Рене Шар французша…
Ана тiлiн сыйлаймын әр ақынның,
Әрқайсысы өзiнше дара, құнды.
Алайда мен ардақ тұтам ортақ тiлiн –
Жыр тiлiн.
Әлемдегi бар ақынның!
Құлай сүйсе Хафиздi ұлы Гёте,
Жыр тiлi оның болған ғой сұлу өте.
Мен де үнiне тәнтiмiн Неруданың,
Тағзым етем сондықтан, құлдық етем.
Парсы тiлi деп бөлмен, немiс тiлi,
Таулық тiлi деп бөлмен, теңiз тiлi…
Межелайтис Расулды түсiнедi,
Болмаса да екеуi егiз күлiк.
Түрiк тiлi деп бөлмен, курд тiлi деп,
Тайпа тiлi деп бөлмен, ұлт тiлi деп.
Әлемдегi бар жұртқа, бар ақынға
Түсiнiктi
Сөйлеймiн жыр тiлiмен…





Пікір жазу