22.05.2022
  109


Автор: Сəбит Бексейіт

Метаморфоза

Тәуiбi мен жырдың –
тамырын тап басам.
Тәубеге келтiрдiм,
шатқанда қатпа сан.
Даңғой ма, даңғыл ма,
өзiң, дос, бiр аңда:
бес таныс хақында,
мына эпиграмма.
1.
Жыр деген сайтан-ау,
не жазмыш мазағы:
Қадырды қайталау –
заржақтың азабы.
Сырт қалпы зиялы,
мiнезi биязы.
Бұл – поэзияның
патологиясы!
2.
Пәс бiлiк, бiлiммен
хрестоматиялық,
қулықпен күлiмдеп,
Христ болу – қиялы.
Әркiмге елiктеп,
оңбады ақыры:
дүбiрге желiккен –
қоғамның пақыры.
3.
Отырсаң омалып,
қай жер де – казарма.
Кетесiң жоғалып,
сараңдау жазарман.
Жұмкеңдей*
жұмбақтау,
жегжаты “дәу” дейдi.
Ұят қой үн қатпау,
әредiк “әу” дейдi.
Жұмкеңдей, бiлмеймiн,
қандай жүк артқанын.
Ұқсатам (күл мейлiң)
темекi тартқанын.
4.
Жөн-жоба iздеген,
байыпты пысықтар:
“үлесiн” тiстеген
бiр жуас мысық бар.
5.
Жүргенмен құр жаны,
гүл болып шашылды:
жаңада бүр жарып,
қауызы ашылды.
Жайлаған жер үстiн
құбылма құбақан**.
Бермейдi жеңiстiк,
қутыңдап қу надан.
Құбылып бағады
құрбы да, құрдас та.
Мұңын кеп шағады
сиқа да, сырлас та.
Құбылып бағады
жақын да, алыс та.
Кiмге де жағады, –
сен дағы қалыспа…
Болса да мұрсатым,
қайтемiн тым соза:
әсемпаз сырқаты –
МЕТАМОРФОЗА!





Пікір жазу