22.05.2022
  158


Автор: Сəбит Бексейіт

Қайрау

Қылшылдаған қайдасың, қыршын кезiм,
Буырқанған қайдасың, буыршын кезiм?
Шым батырып түбiне тұңғиық ой,
Тiлдi байлап қойғандай тылсым сезiм!
Жампоз-сөзден өрбiтiп желмая-жыр,
Жоқ шығар-ақ деп едiм ендi аярым.
Желе жортып, лекiтiп кетер шақта,
Жабы тiрлiк кешкендей мен саябыр.
Тоздыратын жүйкенi құрсын төзiм,
Жыршың да өзiм, керексе – сыншың да өзiм.
Оқырман да өзiммiн ақыр соңы,
Iшiм бiлiп отыр ғой – күрсiнгенiм…
Шабытсыз шақ бейне бiр құрдым түнек,
Құр кiжiнiп бекерге, түрдiм бiлек.
Жырдың түлеп, қанатын қомдауы үшiн
Ұмтыл, Жүрек, тыншымай,
Бұлқын, Жүрек!





Пікір жазу