Дұрия Дүние
Армысың, Дүние дүрия!
Шуаққа бөлеп, нұр құя,
Жадыратасың жанымды,
Шақырып алдан бір қия...
Тірлікті кештім гүл жия,
Сәлемді бердім жымия.
Іздедім ізгі жандарды,
Пендеден безіп сұрқия.
Өзгеден артық бір күлкім,
Армансыз нұрды сімірдім.
Тым жақын, әттең, арасы
Ақ таң мен қызыл іңірдің.
Құлпырып дүрия матадай,
Қызылды-жасыл бар маңай.
Шетсіз де шексіз ғаламды
Танымақ болған арман-ай?!..
Ұстыны – қара материя,
Періште ұя, пері ұя.
Зерін сап Ақ зер әлемнің,
Кеудеме алдым шер жия.
Бүгінде жүрмін мұң кеше,
Созылмақ бұл күй жыл неше?
Жалғыз қап жапа шегемін,
Болса да шәрде мың көше.
Бармысың, Дүние дүрия!
Жоғалғым келмес зым-зия,
Жыр төгіп жүрмін жүректен,
Жүргем жоқ бойға шыр жия.
Бір тыным бермей жаныма,
Жалғанға айттым базына.
Әр жырым ақтық сөзімдей,
Жан сырым сыйған назыма.
Күн куә көкте, Ай куә:
Көк сия қалып жайына,
Қаламды малып жаздым мен,
Жүректің ыстық қанына...
Қабыл ал, Дүние дүрия!