22.05.2022
  187


Автор: Индира Кереева

Тәуелсіздік тәтті ұғым

Таңым атты еркіндікпен.
Шат күнім!
(Қолындағы бағаламас бақты кім?!)
Тағдырымның талайында таңбасы,
Тәуелсіздік тәтті ұғым!
Қазақпын мен!
Төріне түн түнемес,
Арамдыққа жол бермейтін жүрегі еш.
Өгей тілде өрге ұмтылсам егер де
Жырым менің жыр емес!
Қазақпын мен!
Намысы үшін оққа ұшқан,
Ешкім мені басына алған жоқ тыстан.
Жақынымды жаттай сыйлар халықпын,
Сен осыны ұқ, дұшпан!
Қазақпын мен!
Лайланбаған қаны бар,
Екпінімнен Түн ығады, таң ұғар!
О, болашақ! Тәуелсіздік байрағын,
Өз қолымнан қабыл ал!
Қазақ жүрек!
Соға бер, соқ лүпілде,
Жауыңның түрлі өсегіне бір түкір де
Қуаныш тіле алдағы келер күніңе,
Ақсарбас айтып, шүкір де!
Сырым да менің, жырым да менің қазағым!
Таппадым бірақ заманның тағы таза әнін...
Рухымды менің түсінбес асфальт баласы,
Қазағым үшін жазамын!





Пікір жазу