22.05.2022
  502


Автор: Индира Кереева

Жетім баланың монологы

Тәңірім,
қатарымнан не кеміттің?!
Жетегінде келемін
жегі-үміттің...
Туа сала
тастанды атандым да,
Терезеге телміріп
сені күттім...
Анашым...
Серігі ме сағыныш,
ой –
баланың?!
Жақсы еді ғой
телміртіп қоймағаның...
Мені келіп
бассаңшы бауырыңа,
Мүмкін емес мүлде
енді ойламауың...
Көзім кімге ұқсайды,
өзім кімге...
Сені аңсамай, анашым,
көз ілдім бе?!
Жүрегіңнің бөлшегі
шырылдап жүр,
Сенде ешқандай жоқ па еді
сезім мүлде...
«Сағындым» деп өзіңді
жазам Айға...
Қасіреттен мендегі
азалы Ай да...
Ай арқылы
мен сәлем жолдап жүрмін,
Түнде сені бір елес
мазалай ма?..
Жетімдіктің зарымен
жағаласып,
Өмір кешіп жатырмын,
жан анашым...
Ақ періштең сені іздеп
шарқ ұрады,
Сен қалайша
тым бейқам қала аласың?..
Кеммін айтшы,
қай қыздан,
қандай ұлдан?!
Мүлде хабар білмейсің
жағдайымнан...
Тым болмаса
бейнеңді көрейінші,
Бір иіскеп кетсеңші енді
маңдайымнан...
Анашым...





Пікір жазу