22.05.2022
  131


Автор: Индира Кереева

Күз. Қала.

«Күзді әдемі» демейді әлдекімдер…
Ал Өмірдің өзгеше аз ба мұңы?!
…Жапырақтар,
ал қане әндетіңдер,
Сары әлемнің сарынды сазды әні – ұлы!
Сұлулықтан мүлдем қол үзгенбіз бе?!
Күйбең тірлік…
Көңілсіз…
Кері амалдар…
Жыраққа ұшып кетпесе бізден күзде,
Жапырақты сағынбас еді адамдар…
Көгіңдегі Көктемді жоқтасатын,
Жапырақсыз қайыңның жүзі – қайғы.
Көлеңкелі көңілді дөп басатын,
Күз ұнайды,
бәрібір күз ұнайды!!!
Күз келгенде..
Көгінен нала құсып,
Қала мына…
Тоналып,
қалады үсіп…
«Арманыңды алыыысқа жеткізем» деп,
Күзгі аспанда
қоңыр қаз барады ұшып.
Шақырғандай құлан түз бөктеріне;
Жалыққандай өмірдің өткелінен;
Күзгі аспанға көз салсам…
Үнсіз ғана,
Бұлттар да ұшып барады лек-легімен…
Сұрғылт қала…
Күрең күз..
Дала көші…
Ұшып кеткім келеді ауылыма,
Ұнатпаймын сүреңсіз қаланы осы…





Пікір жазу