22.05.2022
  125


Автор: Индира Кереева

Өгейлік

Күн артынан жылжып жатыр текке күн,
Әйтеуір бір уайым болды шеккенім.
…Ол туралы жүрегімнің лүпілін,
Бір ауыз сөз үзіп кетер деп пе едім?
Үмітімді үзіп алып үміттен,
Келем өмір соқпағымен жүріп мен.
Ол туралы армандардың бәрі де,
Сағым болып кететінін біліп пе ем?!
Бір күнімнің өзгесі жоқ бір күннен,
Қарашыққа көзмоншақ қып Түнді ілгем.
Ол туралы жазған жырдың бәрі де,
Сандырақ боп қалатынын кім білген?!
Бір құшақ Мұң…
Бір құшақ Жыр…
Мен сосын,
Өксиді өмір...
шығара алмай тең шешім.
Көп арманы көсегесін көгертпей,
Көңілім тұр...
Көтере алмай еңсесін.
Бір салқындық…
Бір азапты есті леп.
Біз Көктемде бүр жарған бір өскін ек…
…Енді бірін жоқтап жүре алар ма,
Бір құшаққа сыймай қалған қос тілек…
Алдамшы Өмір
қол бұлғайтыны несі алдан?!
Мен Өзімнен,
Өмірімнен өш алғам…
…Бақытқа өзге
ие бола алар ма,
Бір Үмітін үзіп алған қос арман…
(Қайтер екен?!…)





Пікір жазу