Тоқтату
1
Ұнатып қайтесіз?
Сүйме түк…
Сізде бар
Отбасы,
Жар қамы…
Мен үшін
Үмітті сүйретіп,
Енді Өмір кешу ме
қалғаны?!
Сүймеңіз!
Бәрі де өтеді.
Тағдыр
бұл Сезімді кеше ме?
…Кездесіп қалсақ та жетеді,
Кездейсоқ.
Көшеде…
Өтінем,
Үмітті үзіңіз!
Үздігіп қарау да –
Арға Сын.
…Үйдегі кішкентай қызыңыз,
Әкесіз қалмасын…
Болды енді!
Бұйырмас асау Бақ,
Бәрінен бұрын Сіз –
Әкесіз!
Жанары жазықсыз жасаурап,
Жарыңыз жылайды…
Қайтесіз?!
Алдыңыз Сезімді үдетіп,
Сізге енді
Өмірдің жазы – елес.
Шаршаған Шаттықты
Жыр етіп,
Шайқалған Шаңырақ аз емес…
Сондықтан:
Айналып Адамға жат үнді,
Біз жайлы жойылсын әңгіме!
Ұмытып қалыңыз атымды,
Мәңгіге!
2
Көшеде...
кездейсоқ кездестік тағы біз;
(Ал мұны әдейі демес кім?!)
Сіз тағы «сүйем» деп қалыңыз,
Мен қуып кетейін елес, мұң...
Өкпелеп қайтесіз?!
Өмірге келмеген өзіміз, ертерек,
Өзге мұң арқалап кететін тағы біз.
Мен сізге соңғы рет еркелеп,
Сіз көзбен бір өбіп қалыңыз.
Бүгін...
Көшеде кездестік тағы біз,
(Ал мұны сәйкестік демес кім?!)
Сізді үйде күтеді жарыңыз,
Ал мені...
Ал мені...
Мені ешкім...