22.05.2022
  144


Автор: Индира Кереева

Мінез

«Махаббат жоқ,
оттамаңдар!» деп кілең,
Жазам саған оңашада текті Өлең.
Сүйе тұрып
сені үнемі ренжітіп,
Содан кейін
өзімді-өзім жек көрем…
Ай ұрын кеп,
еркелетсе Түн мені:
Сені жырлау…
Әдетім сол күндегі…
Құдай сүйер қылығым жоқ болса да,
Неге сонша
сүйеді екенсің мені?!
Мінезім ғой…
Сезіміме қаскүнем,
(Білем біздің дертке болар жастық ем.)
...Басқа жігіт жайлы сырды шерткен боп,
Саған қарап тұрам қабақ астымен.
Ренжімеші...
кетсе менен бір ағат,
Саған деген көңілімнің жыр-әні – ақ.
…Қызғаныштан өліп қала жаздаймын,
Маған дейін қыздар жайлы сұрап ап.
Тентектіктің жаман екен несі ал?!
Сені сүйген жүрегім ғой,
иесі Ар!
Қыңыр қарап,
қырсық мінез көрсетсем,
Құшақта да…
Ерінімнен сүйе сал!





Пікір жазу