Бір патша
Бір патшаның бір кезде
Тасыды бағы тасқындай,
Дәулет пенен қазына
Басып жатқан басқындай.
Маңайынан озса да,
Сонда-дағы тоймайды,
Әлемді түгел алсам деп,
Жатса-тұрса ойлайды.
Қанағат жоқ, тәуба жоқ,
Тәңірге де наразы,
Билесем деген жер жүзін,
Жатса-тұрса қаразы.
Кетпеген соң пәнде тең,
Тәуір болды аразы.
Ертеңгі-кеш тәңірді
Қарғайды да сілейді,
Тілегімді бермеген
Демен деп, сірә, тәңірі
Тілсіз, үнсіз дүлейді.
Аттандырып әскерін,
Көрші елдерін шабады,
Жазығы жоқ, жай жатқан
Талай елді талады.
Тәубәсі кеміп күн санап,
Аса берді кеселі.
Қанша бақыты асқанмен,
Көңілі судай тасқанмен,
Жаманшылық күн таяп
Сыбағалы, еселі:
Сарайының түбіне
Бір ағаш шығып өседі,
Екпей шыққан ағашты
Қасиетті деседі.
Күн асқан сайын ұзарып,
Аспанменен тілдесіп,
Сансыз бұтақ таралып,
Жапырағы гүлдесті,
Ең басына ағаштың
Көз жетпестей биік боп,
Күн аса алмай басынан,
Тұрғандай бейне тиіп көк.
Көлеңкесі шаһарға
Тегісімен түседі,
Ғажап етіп жаратқан
Тәңірімнің ісі еді.
Түн болғанда басында
Алтын панар жанады,
Қасында сұлу қыз отыр,
Қолында алтын таяғы.
От жанып тұр лапылдап,
Табағының ішінде,
Көрмес те ілік ғаламат
Өңің түгіл түсіңде.
Патша ғашық болады,
Қызды көріп көрікті.
«Кімсің» деп кыздан сүраса,
Былай деп жауап беріпті:
«Пәнде қолы жетпестей,
Есінен және кетпестей,
Менің атым – дүние,
Ләпсісі кімнің зор болса,
Құмармын қонақ қылуға».
«Түсуге жерге, – қыз айтты,
Ұлықсат жоқ тәңірден,
Аса алмаймын, патшам,
Тәңірі берген әмірден».
Сұрады патша тағы да:
Жалбарынып қамыға,
Тәжін шешіп, бас иіп,
Қызға мүлде табына.
«Өзің-дағы панарсың,
Панар неге жағасың,
Қолыңдағы табаққа
Отты қалай саласың?»
«Отты ұстап тұрғаным,
Отқа бәрі табынбақ,
Оттың тілін білгенге
Жердің жүзі бағынбақ.
Өзің кел менің қасыма,
Оттың тілін үйретем,
Оттың тілін білемін.
Оттың тілін үйренсең,
Орындалар тілегің.
Бірақ, патша, қасыма
Келе алмайсың, қорқасың,
Оттың тілін үйренсең,
Жер түгіл әуел аспанға
Құдайменен ортақсың».
Жігерленді падыша,
Ағашқа болды шықпақшы,
От ұстаған сұлудан
Оттың тілін үқпақшы.
Патшалық бақыт, мал-қазына,
Қанағат қылмай мол қызық,
Өрмеледі ағашқа.
Жете алмады күн ұзын,
Түн болғанда падыша
Титығы қүрып тоқтады.
Қара бұлт шығып аспанға,
Керемет дауыл соққаны.
Арманым өлсем жоқ деген
Сұлуменен табысып,
Сұлу түгіл жан қайғы,
Патша отыр қалтырап,
Бір бұтаққа жабысып.
Ағашты дауыл теңселтіп,
Патшаның өңі бұзылды,
Патша отырған бұтағы
Шорт түбінен үзілді.
Қырғи соққан торғайдай
Домалап патша құлады,
Жерге түсті денесі,
Күл-талқан боп сынады.
Тойымы жоқ нәпсісі
Өлімменен тынады.