22.05.2022
  710


Автор: Дулат Бабатайұлы

Қара қарға

Қара қарға жем іздеп,
Кезіп жүріп даланы,
Өліп жатқан үйректің
Етін тауып алады.
Үйрек деген қарғаның
Таппайтұғын жемі еді,
Баласына ұяда
Үйректі алып келеді.
Балапандар көрген соң,
Тұс-тұсынан жабылды,
Тумысында татпаған
Тәтті жем қайдан табылды?
Үрпиісіп балапан,
Барлығы басын құрасты,
«Қайдан алдың жемді?» – деп,
Шешесінен сұрасты.
Сонда қарға қарқылдап
Баласына мақтанды:
«Қорықпай же, балалар,
Қыран шешең тапқан-ды.
Арқасында қайраттың
Шешең алып келген-ақ.
Таңдап жүріп ілгенім
Қамысты терең көлден-ақ».
«Ай, шешеке, білмеймін,
Рас па мүның, тегінде?
Үйрек ілген жоқ еді
Ата-баба тегінде?»
«Балаларым, қорықпа!
Кем дейсің шешең қай құстан?
Туып мықты құс болмас
Шешең сынды байқұстан».
Баласына мақтану,
Ойында жоқ сақтану, –
Жоқ еді жемді тауысқан.
Сыртынан көріп, қасына
Жетіп келді сауысқан.
Келе сала сөйлейді:
«Батыр қарға, бар ма?» – деп.
Қоразданып қарға айтты:
«Естіп білген бар ма?» – деп.
«Естігенім: барып ем,
Бөгде көлде қамысқа,
Сол арада кездестім
Қызғыш, торғай танысқа.
Бүгін алған үйрегің –
Жоғалтыпты қаршыға.
Дүниені шарлап іздеп жүр,
Қырғиды жұмсап шаршыға.
«Кім де болса алғанның,
Сол жерге мойнын қи, – депті,
Жемді алған ұрыға
Өлімнен тарт сый!» – депті.
Естігенде қарғаның
Зәресі мүлде ұшады,
Қорыққанынан лоқсиды,
Жеген жемін құсады.
Батырсынған қарғамыз
Қолма-қол болды масқара,
Балапан қалды шуылдап,
Қарға іздеді баспана.
Үйректің етін алды да,
Сауысқан кетті жайына,
Пана болмай қарға жүр
Кең таудың сайында;
Сол кеткеннен мол кетті
Қарға артына бұрылмай.
Ұяда қалған балапан
Қайтеді аштан қырылмай?!
Сауысқан көп қазақта
Қорқытып жейтін момынды,
Құбыжық болып көрініп,
Айналдырып тоныңды.





Пікір жазу