Шаштараз
Елін баққан ер болмақ,
Жауын болжап, жер шолмақ.
Аузын баққан би болмақ,
Алыстан шолып, кең толғап.
Зейнеті көп, пайдасы аз,
Айта берсең – бәрі сөз.
Құлақта қақас қоспа көп,
Дәл сөйленбес көрмей көз.
Сөз қоспай дәл айтпасаң,
Естіме, көрме, сөзден без.
Аузыңа ие болмасаң,
Бәле үйір, жалакез.
Аузыңнан шықса, жел естіп,
Жер түбіне жетер тез.
Таққа мінген бір патша
Дәл он жеті жасында.
Тітіреткен қаһары
Досы менен қасын да,
Қаһары келген шағында
Домалатқан тасын да.
Қос мүйізі патшаның
Болады екен басында.
Жан қарамай бетіне,
Ақау түспей сағына,
Әмірі жүрген патшаның
Төрт құбыла жағына.
Күннен-күнге өрледі
Шыққан күндей бағы да.
Мүйізін біреу көрсе егер,
Патшаның бағы таймақшы,
Халыққа сырын таратып,
Көруші болса айғақшы.
Тірі жанға көрсетпей,
Басынан тәжін шешпеді.
Сөлекет болды патшаға
Орасан шашы өскені.
Оңашада өзінің
Ұнамсыз болды көзіне
Айнаға қарап кескіні.
Сол шаһарда бар еді
Мақтаулы шаштаразы,
Әдеттенген өнері
Күн көрістің қаразы.
Кеткен емес алдынан
Кім де кім болып наразы.
Мақтаны асып басынан,
Ол дағы адам талғайтын,
Бай-патша, байлар болмаса,
Басқаның шашын алмайтын.
Шақырып алып шеберді,
Патша бір күн алдында
Барлық сырын сөйледі,
Оңаша үйге алды да:
– Басыңа жақсы үй берем,
Салтанатты бақшалы.
Қазынадан да алып тұр
Қанша керек ақшаны.
Дүнияда не қажет,
Керегіңнің бәрін ал –
Қызметкер – күң мен құл,
Өлі жиһаз, тірі мал.
Алғыр құс, атқыш мерген бар,
Саяхаттап сайран сал.
Ұнатып елден сұлу сүй,
Лебізі тәтті, шәрбәт-бал.
Бірақ саған үш түрлі
Қоятұғын шартым бар:
Бірінші, менен басқаның
Әсте де шашын алмайсың,
Аламын деп, жазаға
Кіріптар болып қалмайсың.
Екінші шартым – аузыңнан
Берген серттен танбайсың!
Үшінші, шашты алғанда
Не көрсең де басымнан,
Тірі жанға айтпайсың –
Белгім бар біткен жасымнан.
Сайран салып жүре бер,
Уақытылы алып шашымды!
Егер біреу естісе,
Аламын сенің басынды!
Шашын алды патшаның,
Ауызынан серт болды.
Кеудесін кернеп шебердің,
Көрген мүйізі дерт болды.
Көкейінен кетпеді
Қос мүйіздің бейнесі.
Өзіне-өзі күбірлер,
Ауысқан жандай кейде есі.
Құрбы, құрдас, танысқа
Айтқысы келіп құмартып,
Кеудесі толып шебердің,
Екі көзі мұнартып,
Уақиғаны айтпауға
Бір күннің өзі мұң болды.
Қаға алмады кірпігін,
Қас қарайды, түн болды.
Ұзақ таңға дөңбекшіп,
Төсегінде жата алмай,
Айтпауына – толып кеудесі,
Айтайын десе – бата алмай.
Таңға жақын шыдамай,
Шаһардан шығып жөнелді.
«Кеше күндіз патшаның
Шашын алып бердім, – деп,
Қасиетті басынан
Қос мүйізін көрдім», – деп,
Өзінен-өзі күбірлеп,
Шаштаразы кенелді.
Мақтанған құл көп адам,
Тәңірі сілеп атқан ғой,
Жай сөз емес, кеудесін
Кернеген оның мақтан ғой,
Мақтан деген – алтын ер
Арқасына талайдың
Аяңшыл қылып батқан ғой!
Өзеннің келді бойына,
Таң сарғайып атады,
Жағадағы шұңқырға
Етпеттеп келіп жатады.
«Кеше күндіз патшаның
Шашын алып бердім, – деп,
Қасиетті басынан
Қос мүйізін көрдім», – деп,
Жерге төсеп ауызын,
Өзінен-өзі күбірлеп,
Мақтан тойын тойлайды
Кеудесінде дүбірлеп.
Мың қайтара айтқанда
Ортайды кеуде толғаны.
Сілесі қатып ұйықтады,
Естіген адам болмады.
Ояна келіп, орнынан
Шошынғандай тұрды атып.
Шәһөрге қайтып жөнелді,
Қалған екен күн батып.
Ауыр жүгі жеңіліп,
Кеудесі қалды басылып,
«Құтылдым» деп бәледен,
Шырақтай көзі ашылып.
Аузынан шыққан лебізі
Топыраққа сіңеді,
Топыраққа сіңген сөз
Жеті жылдай түнеді.
Шаштаразы жеті жыл
Сауық-сайран салғаны.
Есінде жоқ сөзінің
Жерге сіңіп қалғаны.
Тәубесі кеміп, күнәсі
Құмырсқадай андады.
Тәңірін де ұмытып,
Таңдаудан таңдау таңдады.
Жетінші жыл болғанда,
Өзен қатты тасыды.
Су тасыса – көпке ырыс,
Шөп шықса – малың нәсібі.
Суға толып шұңқырлар,
Ойпаң жерге қақ толды.
Шаштаразы асқан ғой,
Асқанға – тосқан тап болды.
Ойылған әлгі шұңқырға
Бір топ құрақ шығады.
Лебізі сіңген топырақтан
Айтқан сөзін ұғады.
Сыңғыл менен сыбырга
Сұлу әйел секілді
Өте әуес қой көк құрақ,
«Ән сал», – деп сұлу құраққа
Өтінді келіп жел сұрап.
Бұраң қағып назданып,
Көк құрақ басын иеді.
Жылы леп пен жылмаң жел
Бұраңдатып сүйеді.
Сылдыратып ән салды,
Құрақта ерік қалмады,
Топырақтан есіткен
Үйреншікті ән салғаны:
«Кеше күндіз патшаның
Шашын алып бердім, – деп, –
Қасиетті басынан
Қос мүйізін көрдім» – деп.
Жел естіді, желпінді,
Дүниеге хабар таралды.
Жел айтқанды ел айтып,
Патшаға хабар барады.
Қамыс айтты – жел айтты,
Желден естіп — ел айтты.
Ел айтқанда – шын айтты.
Көрген сол – шаштаразы,
Онан басқа кім айтты?!
Қайсысының болса да,
Тексерді, сыры ашылды.
Шаштаразы мойындап,
Дарға басы асылды...