Еспенбет
І
Ер Еспембет кешегі
Ерекше ер деседі,
Тіл біткеннің шешені,
Топта бермес есені,
Үлгі айтса – көшелі,
Жауға шапса – көсемі.
II
Бәйбішесі Сыбанның
Жарасқұл деген атадан.
Өзі болған жігіттен
Сұрама кім деп ата-анаң.
Ел тілегін тілеген
Ер азбайды батадан.
Нағашысы Уақта
Ер Қосайдай ер өткен.
Жетім қалып Еспембет,
Қолында соның ержеткен.
Он төрт жасқа келгенде,
Еспембеттей еріңнің
Туған ел ойын тербеткен.
Туған елді көксей ме,
Кежеге туған, кер кеткен.
Еспембеттің шешесі
Ер Қосайға немере.
Қиық жоқ қыздан туғанда,
Оны бөтен көре ме!
Тоқсан жаста Ер Қосай
Тұғырдан әбден түскен ер;
Елім десе елеріп,
Жаннан мүлде күскен кер;
Бел шешпей жортып ел үшін,
Алты малта ас қылып,
Арпа суын ішкен ер.
Еспембеттей үрпағын
Өте жақсы көретін,
Маңдайынан иіскеп,
Батасын ұдай беретін.
III
Жатса-тұрса, Еспембет
Тұлпар мінсем деуші еді,
Қару, сайман асынып,
Шепті бұзсам деуші еді.
Ішқұса болып асығып,
Туған елін ойласа,
Қалатын жасып, басылып.
Күндерде бір күн Еспембет
Желінің келді басына,
Бие ағытып жатқанда,
Биешінің қасына:
Ақбөрте құлын ойнап тұр
Аққұлаға асыла.
Еспембетке ұнады
Ақбөртенің келімі.
Құйрығын шаншып алды да,
Үш айналды желіні.
Селеу жерге бас ұрды
Омырауының желінен.
Құйындатып келді де,
Ытқып түсті Ақбөрте
Енесінің белінен.
Енесінің белінен
Үш мәрте ытады.
Еспембет ерден ес кетіп,
Есіл-дерті болып Ақбөрте,
Басқаны мүлде ұмытады.
Күзді күнгі ұзақ таң
Еспембет кірпік қақпайды.
Күндіз ойнап-күлмейді,
Ішкен асы батпайды.
Әзіл айтқан құрбыға
Түнеріп, жауап қатпайды.
Күнде қайрап қылышын,
Сүңгісін безеп, саптайды.
Ертеменен отырар
Желінің келіп басына,
Көзін алмай қадалып,
Ақбөртенің қасына.
Ақбөрте мініп астына,
Айқара тоқым салсам деп;
Алмас қылыш асынып,
Ақ найза қолға алсам деп;
Тоғыз түрлі топшығы
Жеңсіз берен кисем деп;
Cap садақ іліп беліме,
Айғайлап жауға тисем деп;
Бәрін айт та, бірін айт,
Туған елге кетсем деп;
Өнерім болса, еліме
Адал еңбек етсем деп;
Болмаса өнер бойымда,
Қораш құл боп өтсем деп.
Жегідей ерді ой жеңіп,
Түн асқан сайын жүдетті.
Қайраты қайрап қажырын,
Жүдеген сайын үдетті.
Ұйқысыз ұзақ түн өтті,
Күлкісіз талай күн өтті,
Ақырында айтқандай
Арманына ер жетті.
Айыл-тұрман тағынып,
Туған елін сағынып,
Ақбөрте тұр желіде
Артқы аяғын қағынып.
Ер Қосайдай қарт білді
Шөбересі жүргенін
Әлденеге қамығып,
Шақырып қарт алды да,
Сөз сөйлейді ағылып:
– Шөберем, неге мұңайдың?
Көп шөбере ішінде
Ерекше тілеп тілеуің,
Құдайға күнде жылаймын.
Өңімде емес, түсімде
Көрсеткені құдайдың.
Сөз сөйлер деп тілеуші ем
Шаршы топта, алдында
Ығай менен сығайдың!
Шепті бұзар деуші едім,
Жаудың туын құлатып;
Сұлу сүйер деуші едім,
Елден таңдап үнатып;
Тұлпар мінер деуші едім,
Жалын желмен сылатып;
Найза ұстар деуші едім,
Сағағын жезбен қынатып;
Жеңсіз берен түймелеп,
Кіреуке киер деуші едім;
Жас шыбықтай бүгілтіп,
Садақ иер деуші едім;
Айдыннан қуды ілдіріп,
Сұңқар шүйер деуші едім;
Тұйғын құстай алыстан
Тоят тілер деуші едім;
Бунағы алтын беліне
Семсер ілер деуші едім!
Сырыңды айт маған, шөберем,
Сұлу сүйгің келе ме?
Сұңқар шүйгің келе ме?
Айдынды ала ту алып,
Жауға тигің келе ме?
Асусыз асқар асқақтан
Аңыратып асқың келе ме?
Менменсінген дұшпанның
Көңілін басқың келе ме?
Майданда шаңды боратып,
Өрттен шыққан ұшқындай
Оқты шашқың келе ме?
Туған елді сағынып,
«Жүрмін, – деп, – мұнда неғылып?»
Өкпелеген көтенге
Құлдарша қашқың келе ме?!
Сонда Еспембет сөйлейді:
– Сен – атам, мен – шөберең,
Алдымда талай асу бар,
Бақыт па, сор ма, не көрем?
Еркін өсіп ержеткен
Ерекше туған көбеңмін.
Ен дәулеттің ішінде
Еркін жүріп тел емдім.
«Ер – туыс, ит – тамаққа»
Деген жоқ па бұрынғы?
Туған ел, туған жерім бар,
Сөйлесем, айтам сырымды.
Туған елді көкседім,
Жат елде арман өскенім.
Лайық па, жан ата,
Іргелі елім тұрғанда,
Жат елде өмір кешкенім?
Көзіме емес, сыртымнан
Сан есітті құлағым
«Сыбан бала» дескенін.
Жігерім болса жетемде,
Еліме барып ұл болсам.
Жігерсіз болсам жетесіз,
Қойын бағып құл болсам.
Жат елде жүдеп жүргенше,
Жалтаң көз боп, тірі боп,
Кім ермейді соңымнан,
Көрнекке шықсам ірі боп.
Кесілер жетті мезгілі
Жетімдіктің арқаны.
Ел мен жерді ойласам,
Шерім үстеп артады.
Туған ел, туған жерімнің
Бұйдалы тайлақ секілді
Дәм мен тұзы тартады.
Батаңды бер, жан ата,
Шөберең сырын сарқады.
Егер бата бермесең,
Шөберең шердің құлы боп,
Күн санап дерті артады! –
Дегенде қолын жаяды «Илаһи» деп атасы.
Ықыласпен берген соң,
Қабыл болды батасы.
– Бірақ, балам, айтайын:
Еліңе де барарсың,
Тірі болсаң, еліңнің
Керегіне жарарсың,
Дос та елден, жау да елден,
Алды-артыңа қарарсың.
Күндестік те еліңнен,
Міндестік те еліңнен,
Қамалау да еліңнен,
Табалау да еліңнен,
Өсіру де еліңнен,
Кешіру де еліңнен,
Абалау да еліңнен,
Бақыт та елден қонады,
Дәулет те елден болады,
Елменен ер ержетіп,
Емендей өсіп толады.
Елсізде өскен демесін,
Елден таңдап сұлу ал.
Ақ отау тігіп басыңа,
Төрт түлік малдан еншіңді ал.
Топтан таңдап тұлпар мін,
Күлтелі құйрық, сұйық жал.
«Жолын қыл, – деп, – баламның»,
Қарт атаң жасын төкпей ме?
Қарт тілеуі қабыл боп,
Қанына ұрық екпей ме?
Сопайып барсаң қу басың,
Ақтамберді, Қабанбай
Өкпелеп, мені сөкпей ме?
– Қаламаймын, жан ата,
Сұлуды да, малды да.
Маңдайыма жазған бар,
Бақытым менің алдымда.
Тірі болсам, айдармын
Әлі-ақ мың мен санды да,
Tipi болсам, құшармын
Аққудайын таранған,
Өкшесіне қаранған
Ай маңдай, аппақ жанды да.
Tipi жүрсем, мінермін
Арқар таң, күпшек санды да.
Барар құс басы ілгері,
Кім шығып кепті алдыма?!
Қалауым сенен, жан ата,
Қаруымды сай алам,
Табыннан таңдап және де
Ат алмаймын, тай алам.