22.05.2022
  301


Автор: Дулат Бабатайұлы

Ер қанаты ат болар...

Ер қанаты ат болар,
Жаяу адам мәрт болар,
Сөйлеспесе ағайын,
Алыстан да жат болар.
Сөз бастайын бисмилла,
Әуелі Алла құдай деп,
Екі дүние айтады,
Жаратқан егіз жұбай деп,
Сөге көрме, жақсылар,
Осынау сөзің қалай? – деп.
Қожа, молда айтады,
Кітабында солай деп,
Өз көңілімен іс қылған
Кәпірді айтса болмай ма,
Құдайдан соң, жараңдар,
Мұхамметті айталық,
Өзінің сүйер дос кісі,
Өтірік, жалған сөйлейді
Иманына қас кісі.
Бейішті қайтіп көреді
Бұл дүниеден бос кісі.
Тоқсан тоғыз ақылды
Өзі білер құдайым,
Тентек пенен мақұлды.
Өлмеймін деп ойлама,
Өткен дүние ғафыл-ды.
Ақылы келте адамдар,
Құлшылықты қойдай бақ,
Ақиреттің дәулеті
Алыс емес, жақын-ды.
Қасиетті әулие жоқ
Шайхы менен Нақыптай,
Анасын күткен адам жоқ
Түсіп пенен Жақыптай.
Тілеуі дұрыс пенде жоқ
Аюп пенен Сақыптай.
Құданың сүйер шын досы
Молда болған Мақамет
Ұстатқа беріп оқытпай.
Жеті дарияның біреуі
Көз жеткісіз нұр болар,
Дуа қонса аузыңа,
Айтқан сөзің бұл болар.
Құдай артық жаратқан
Әуелі «қап» пен «нұн» болар.
Жеті дария біреуі
Гаяты ғылым сабыр-ды,
Бұл дүниең, жараңдар,
Шала илеген терідей.
Өтірік, жалған сөйлейсің
Иманыңа забыр-ды.
Жеті дәруіш біреуі
Гаяты ғылым ақыр-ды.
Қылмысы қатты байғұсты
Шайтан малғұн шақырды.
Ғарасат күні болғанда
Тозаққа салар кәпірді,
Өлмеймін деп ойлама,
Бір көрерсің ақырды.
Жастығыңа мақтанба,
Қанды тартып денеңнен
Кәрілік келер алдыңнан.
Қауындай болған сүйегің
Опат болар қабырда,
Бұзыларсың сонда қалпыңнан.
Өлмеймін деп ойлама,
Ажал келер алдыңнан,
Жарақты жаудай сайланып.
Алладан келген өлімді
Уайым жеп айтпаңыз,
Ол дүниеден құр қалып,
Бұл дүниеге айланып,
Кісі ақысын жедім деп
Тіршілікте мақтанба!
Күнә келер алдыңнан,
Өрттен шыққан түтіндей,
Надан болдың, сұм пенде,
Бұл дүниеде күтінбей.
Бай болдым деп мақтанба,
Қайыры жоқ малыңның
Ақиретте шаяндай.
Бүл дүниенің күллісі,
Шын дүниенің баяны,
Жамандық қылып жасарсың,
Ақиретте аян-ды.
Көп тудым деп мақтанба,
Зорлықтан көрер пайда жоқ,
Қанша дәулет бітсе де,
Әлі пенде тойған жоқ.
Пайғамбар мен Шәһәрнәр
Уағдадан тайған жоқ,
Өзгенің бәрі халатты,
Бір құдайдан жалған жоқ.
Ыдырыстан басқа еш кісі
Бейішке тірі барған жоқ,
Молда болған молдалар,
Молдамын деп мақтанба!
Молдалығың сол болар,
Қауындай бөліп жемесең,
Бұйрықсыз ысқат алмасаң,
Аят айтқан толымдар,
Алдамшы болған зәлімдер,
Мен өтірік айтпаймын,
Кітаптан қарап көріңдер.





Пікір жазу