22.05.2022
  251


Автор: Дулат Бабатайұлы

Әуелі Алла айталық...

Әуелі Алла айталық,
Ағузи билляһи әліпті,
Қайыр беріп сыйлаңыз
Мүсәпір мен кәріпті.
Кәріпке қайыр берсеңіз,
Ахиреттің дәулеті,
Қараңғы емес, жарық-ты.
Құдай білер деген сөз
Тыңда мақшар күнінде,
Өз алдына анық-ты.
Есім заты құдайдың
Бір бисмилля е деген,
Ахиретте не болар,
Құдайды жақсы білмеген?
Құдайды жақсы білген құл
Тозаққа жанып күймеген,
Қыл көпірден өтерде
Қинауды көріп тұрарсың,
Мына күнәм жалғанда
Жақсылық жолдан жүрмеген,
Сүйтсе-дағы байғұстар
Ти талабын қылыңыз,
Құдіреті үлкен құдайдың
Жарлығын жақсы біліңіз.
Құдіреті күшті күдайдың
Жарлығын жақсы білсеңіз,
Мүңкір, Нәңкір келгенде
Бұлбұлдай сайрар тіліңіз.
Қайырым жоқ, сорлы байлар-ай,
Тәңір алдына барғанда,
Табылар сонда мініңіз.
Жау алмағы еліңнің,
Елге қойған батырың
Жауға қайрат қылмаса,
Жамандардан несі артық?
Жаулық киген қатындай,
Қайырсыз байдың несі артық?
Ел қонбаған тақырдан,
Ақырзаман кезінде
Бейіл кетіп пендеден,
Бай дәметер пақырдан.
Бұл заманда тентек көп,
Дінін жұтқан мақұлдап.
Көкірегі тұйық болмаса,
Көр санаттың несі артық
Көз бітпеген соқырдан?
Жаманға құдай салмаған
Жүз мәртебе ақылды.
Ақылы жоқ жамандар
Әуелінен құр қалып,
Енді не дәметет ақырдан?!





Пікір жазу