21.05.2022
  200


Автор: Дулат Бабатайұлы

Осындай заман кез болды

І
Ал қарағай сұлу сындардай,
Сымнан тартқан сымбалдай,
Көгерген бүрі қуармай,
Шөлдесе де, суармай,
Бойы сұлу болғанмен,
Көлеңкесі талша жоқ.
II
Арғымақ сұлу сымбатты,
Бағасы оның қымбат-ты,
Жүні жылтыр құлфындай,
Құбылса да бұлғындай,
Сергелдең жорық болғанда,
Шабысы оның тайда жоқ.
III
Жаман болса қатының,
Қонбаса айтқан ақылың,
Үйіңнің іші жау болып,
Отыңның басы дау болып,
Көп көзінше қыжыңдап,
Оңашада ызыңдап,
Құрбың келсе, құрысып,
Көрінгенмен ұрысып,
Қайраумен тілің мұқалып,
Қалың өңің жұқарып,
Үйіңнің іші қоқырап,
Өмірден көңілің тоқырап,
Белдеу жаудан жаман жоқ.
IV
Мінезі теріс тез қатыр,
Лепірме мақтау, «кел, батыр»,
Су жұқпайтын тап-тақыр,
Атты алмалап ел сапыр,
Құрақ ұшып көргенде,
Күңкілдеп сырт бергенде,
Алса – бар, жоқ – бергенге,
Опасыз өңшең шерменде –
Бір қалыпта тұрмайтын
Шалағайда табан жоқ. V
Үстінен ер түспесе,
Әлінен артық күштесе,
От оттап, су ішпесе,
Иесі жөндеп күтпесе,
Қоңына шыр бітпесе,
Нәсілі тұлпар болса да,
Онан өтер шабан жоқ.
VI
Жаман болса ағайын,
Сөзінде жоқ тағайын,
Көре алмайды, күндейді,
Көтерілсе талайың.
Маңынан елді қашырар
Иттей қауып маңайын,
Оңыңды теріс бағалар,
Сүрініп кетсең, табалар,
Ұшырасаң пәлеге,
Өлексеңе қамалар,
Оңалсаң, қайта жағалар –
Ағайын бар демеңдер,
Әсте менің жауым жоқ.
Ел тандыры құрыды,
Орыстың түсті құрығы,
Анадан емшек суалды,
Қайғымен елді суарды.
Солқылдаған жастардың
Сүреңі кетіп қуарды,
Серпілуге шама жоқ,
Дәнің кетті, қайран ел,
Қазақ соққан қауын боп.
VII
Балаусалы, балғынды
Баяғыдай салаң жоқ;
Кең қоныс, еркін өрісті
Баяғыдай далаң жоқ;
Қорғалап өскен қояндай –
Еркімен өскен ерленіп
Ер жүректі балаң жоқ;
Боран соққан қой болдың,
Жел жағында панаң жоқ.
VIII
Елің түсті езгіге,
Жол бермей дұрыс сөздіге,
Көр соқыр бермей тізгінін
Көкірегі көздіге;
Елдің қамын жейтұғын,
Мынауың теріс дейтұғын,
Шетке қарсы тұратын
Ішіңнен шыққан адам жоқ.
IX
Кешегі қайран сәулетің,
Толықсыған дәулетің,
Кең несібе нәубетің,
Береке, бірлік ұйытқылы
Басыңнан кетіп жүйткіді –
Қайта айналып келмейді,
Іздегенмен, саған жоқ.
X
Осындай заман кез болды,
Ер дегенің ез болды,
Қамқа, торғын бөз болды,
Саф алтының жез болды,
Арындаған тұлпарың
Азғындап шабан, шалаң боп.





Пікір жазу