21.05.2022
  263


Автор: Дулат Бабатайұлы

Әуелгі қазақ деген жұрт

1
Әуелгі қазақ деген қалың жұрт,
Миығынды көрсетпей,
Ұстарасыз өскен мұрт.
Ұйқы басып сезбедік
Шырмағанын жаудың сырт,
Емін-еркін ен жайлап,
Өсіп едің Бұхарда.
Елің сонда жүргенде,
Қызық дәурен сүргенде,
Бәйшешек шығып бүргенге,
Ерлерің тартпай жабыға,
Тартушы еді тұлпарға.
Кешегі сенің бірауызды күніңде
Үш жүздің ұлы қараған,
Алдынан соның тараған
Әбілпейіз, Абылай –
Екі сұлтан сұңқарға.
Еркін өскен қайран ел,
Дәулетің бейне шалқар көл,
Айдының бейне асқар бел,
Ботадай бейне өскен тел.
Сен Бұхарда кезіңде,
Бәтуа бар сөзіңде,
Келелі биің сенімді,
Қара бір халқы көнімді,
Тыныш еді еліміз.
Шаңына малың аунаған,
Дәулетің өсіп қаулаған,
Тел емес малды саумаған,
Бұхар-ай шәрі дейтұғын
Өскен, өнген жеріңіз.


2
Тай туып, тайлақ қайыған,
Тоқты қоздап байыған,
Малың қысыр қалмаған,
Қулығың құлын салмаған,
Қалың еді ырысың
Көлге біткен жекендей.
Бай сатып қыл мен қыбырын,
Кедей бұлдап сыбырын,
Ерсі болып ырығың,
Ішке дуан салған соң,
Жан кірді ме бейліңе,
Жол таба алмай қамалдың.
Айуанмен тең саналдың,
Терідей болып тоналдың.
Бастады тәңірім теріске,
Елің түсіп керіске,
Енді қолың жетпейді
Кең қоныс, бейбіт өріске.
Жол таба алмай, қамалдың
Басшысын атқан бөкендей.
Шариғат жолын тастадың,
Теріске елді бастадың.
Төре, қараң бас қосып,
Жақсылық жаудан іс тосып,
Құба тамға жиналдың.
Мәдине мен Меккедей
Кереметті, дұғалы,
Айтқан сөзі дуалы,
Мәдине мен Меккеде
Әулие зада мол екен.
Әзірет қонған Қаратау,
Аса алмаған онан жау,
Болмаған онда ханталау,
Ел соқпағы даңғыл жол –
Қасымның қасқа жолы екен.
Көнелерден сұрасам,
Сөзін жинап құрасам,
Сауысқандық Түркістан –
Сенің туған жерің сол екен.


3
Сен туған жерді тастадың,
Теріске елді бастадың,
Қаратаудан асқаның,
Арқаға аяқ басқаның –
Түлігі төртеу мал үшін;
Иен жерді мекен етем деп,
Игілікке жетем деп,
Кеңшілік сүтін ішем деп,
Ойменен тон пішем деп,
Қара қазан, сары бала,
Кемпір-шалдың қамы үшін;
Бетегесі бырдай боп,
Май сасыры дырдай боп,
Тарлаулары балдайын,
Балауы жая-жалдайын,
Ойы түрлі кілемдей,
Солқылдап қыры кілемдей,
Салқын самал дала үшін.


4
Тобышақ атты бүгілтіп,
Құйрық-жалын сүзілтіп,
Езді бордай үгілтіп,
Тұйғындай ерді ширатып,
Тас ошақты қиратып,
Нар шөгіп құмның астында,
Су кешіп таудан астың да,
Қой-қозыңды маңыратып,
Бота-інгенді аңыратып,
Сиырыңды мөңіретіп,
Мешеулерді еңіретіп,
Талдырмашты талдырып,
Ақсақ-тоқсақ қалдырып,
Үдере тартып көшкенсің.
Сыр, Қуаннан кеткенде,
Арыс, Келес өткенде,
Талас, Шуға жеткенде
Түйенің қомын шешкенсің.
Шу бойына ығыр ғып,
Төрт түлік демін алдырып,
Қошқардың шешпей күйегін,
Қойыңды қысыр қалдырып,
Тұлпардың тозып табаны,
Нардың апшып қадамы,
Бұйдасын іркіп баяулап,
Мұрнын жырып шабаны,
Сарыарқаға түскенсің.
Иен қоныс таптым деп оңай,
Өрісі кең ну тоғай.
Суы тұнық, шөбі қау,
Жалғыз ғана жиен жау,
Бағланды жеп еті бал,
Сарыала қазы, жая, жал,
Сапырып қымыз ішкенсің.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Наркескен қылыш жүзімен,
Қан қатқан жасыл жүзінен,
Он сан қара қалмақтың
(Бермегі бар алмақтың!)
Жерін тегін алдым деп,
Ойламай ақыл пішкенсің.
Сауытты ерің зерігіп,
Сері бойдағың ерігіп,
Маңғаз байың балпаңдап,
Мақтангөйің талтандап,
Жас өспірім жар таңдап,
Бәйбішелер былқылдап,
Ақпейіл шалдар аңқылдап,
Ақкөңілдер жарқылдап,
Бойжеткенің бұралып,
Таналары жалтылдап,
Кербездерің керіліп,
Басуға аяқ ерініп,
Шешенің судай төгіліп,
Тыңдаушың бордай егіліп,
Өз-өзіңнен іскенсің.
Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай,
Бізді алатын жау жоқ деп,
Бізден мықты дәу жоқ деп,
Алды-артыңды байқамай,
Маған не бар дескенсің.
Болашақты болжамай,
Жол сауданы олжалай,
Ақбөкендей алданып,
Жылқыдай делбе сандалып,
Ортасына кәпірдің
Аңдамай келіп түскенсің.


5
Орыстың заңын қуаттап,
Жол ашып елді суаттап,
Баладай алдап уатпақ –
Би дегенің би емес,
Ел алдағыш мекері.
Шен-шекпенге құмартқан,
Қанталап көзі мұнартқан,
Саудалап елін тиынға,
Құмартып патша сыйына –
Бек дегенің бек емес,
Хан жалшысы, нөкері.
Ақ патша тайып сертінен,
Кенет келіп мертіне,
Ел зердесі ұласып
Дерт үстіне дертінен,
Құтылмай елі қамалар
Батыстың салған өртінен,
Елге салар салмақты,
Малыңды салып талауға,
Адамың қатты саналды.
Оразаң түсіп калауға,
Бірден алар салт атты. 6
Шен-шекпенге сатылып,
Батпаққа елін батырып,
Дұшпанына оқ салып,
Еліне қарай атылып,
Біздің естімін деген жақсылар,
Ақыл-ойға тапшылар
Заңын білмей, алдатты.
Сырғалынды күң қылып,
Солқылдақты жүн қылып,
Күніңді тұман түн қылып,
Қыл мойынға тақалтып,
Шабақтай жемге қақалтып,
Көмейіңе салар қармақты.
Шарапты балдай татқаның –
Күнәға белден батқаның.
Отыз үш мың сахаба,
Тоқсан тоғыз машайық,
Ұмыттың мүлде әруақты.
Жаяулатып тиіп табаның,
Титықтап құрып амалың,
Көшке ере алмай шабаның,
Мал-мүлкіңнен айырылып,
Ауа көшіп барасың
Алдыңдағы Тәшкенге.
Алшы оразаң жиылып,
Қоңыздай боққа үңіліп,
Қасиетің сұйылып,
Шарапты балдай ішуші ең
Әншейін-ақ әсемге.
Бұл жеріңнен кеткен соң,
Әсемің кетіп бойыңнан,
Мұнда көрген қызығың
Сонда кетпес ойыңнан.
Сырт айналған ақылы,
Айырылып қора қойыңнан,
Жыныңды сонда төгерсің
Жеріңізде тойынған,
Ұлы дүбірлі осыңнан,
Торқалы топта тойыңнан
Күрсінерсің қайғырып!
Маңдайың күнге күйген соң,
Табаның жерге тиген соң,
Оқ тиген ұзақ көзденіп
Ұшырап күйге кезбелік –
Қанатыңнан кайрылып.
7
Егін себер жерді алып,
Бұрынғысы өтірік,
Шыныменен енді алып,
Кетірер кәпір сиқыңды.
Орыс деген атынан,
Теріс жазған хатынан
Әуелі құдай біледі
Шығыс, Батыс кәпірді;
Бірігіп атқа мінеді,
Байтақта жатқан қайран ел,
Астын-үстін бөледі,
Ашар шайдай ұйқыңды.
Қабағың қарс жабылып,
Қарс ұрып қайғырып,
Күле алмассың, қазағым,
Бейпіл тыныш күлкіңді.
Жібек жалын жайнатып,
Ортекедей ойнатып,
Қабырғаңды сөгілтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Әлі-ақ шауып алады
Түйең менен жылқынды.


8
Есерсоқ өңшең мастары,
Бозақор ойсыз жастары,
Алжыды деп Дулатты,
Келеке етіп күлерсің.
Менің айтқан бұл сөзім,
Саналы болса ой көзің,
Өлең емес, жыр емес,
Құнсыз сөздің бірі емес,
Басыңа түссе, білерсің.
Асау тайдай үйретіп,
Шәркейіңді сүйретіп,
Ат айдап мініп ағашты,
Табаныңнан таусылып
Қарағай тартып жүрерсің.





Пікір жазу