21.05.2022
  448


Автор: Дулат Бабатайұлы

Сандықтас

Ақжайлау мен Сандықтас –
Атамның қонған қонысы:
Түн асса, тұтам түгі өскен,
Басылмайтын сонысы!
Аққан бұлақ сай-салаң,
Шытырман тоғай айналаң,
Жоның жайлау кең алаң,
Атам қонған иен далам!
Мендей сені қызғанар
Бауырыңда өскен қай балаң!
Көл қорыған қызғыштай,
Сен десе, салам байбалам.
Жайлауыңды көргенде, –
Жадыраймын, жайланам.
Өксігіңді ойласам –
Ұйқы беріп, қайғы алам.
Қилы, қилы заманды,
Заманға сай адамды
Салғастырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай
Шыркөбелек айналам.
Кешегі бір заманда
Қайран казақ, қайтейін,
Қасиетті еді хан, қараң.
Мынау азған заманда
Қарасы – антқор, ханы – арам,
Батыры көксер бас аман,
Бәйбіше – тантық, бай – сараң,
Бозбаласы – бошалаң,
Қырсыға туды қыз балаң.
Нары – жалқау, кер табан,
Құсы – күйшіл, ат – шабан,
Жырғалаң жоқ, жобалаң.
Ебі кеткен ел болды,
Енді қайда мен барам?!
Ой, Сандықтас, Сандықтас,
Атамның қонған жайлауы!
Қайнардан суың қайнауы,
Шалғынға жонын көмілтіп,
Құлынды қазақ байлауы,
Бал татыған бағланның
Езілтіп етін шайнауы –
Сенің арқаң емес пе
Лықсытып малды айдауы!
Мынау азған заманда
Сөзінің кетіп байлауы,
Келелі биде кезек жоқ,
Қу тиын болыс сайлауы.
Басалқа жақсы кеткен соң,
Іс айналып бақырға,
Ер қайраты қор болып,
Ақыл салды қатынға,
Түзелмес енді іс болып.
Қаларсың бір күн, Сандықтас,
Құлан жортпас бел болып,
Жоныңнан тас бастырып,
Тамырыңды қопарып,
Шошқа түртіп қыдырып,
Самалың салқын соғатын
Сары ызғырық жел болып.





Пікір жазу