21.05.2022
  222


Автор: Дулат Бабатайұлы

Баласына айтқаны

Жапанға біткен жантақты
Жаһан кезген нар жейді;
Тәтті менен дәмдіні
Қолында бұлы бар жейді;
Қорқақтықтың белгісі –
Арықты да жар дейді;
Кертартпаның белгісі –
Кең дүние тар дейді;
Қолында жоқтар тайлақты
Солқылдақ өркеш нар дейді.
Балам, маған кейіме,
Әкем айтпай кетті деп;
Сырын білмей бой салма,
Атасы оның текті деп;
Тұрлаусыздан сөз ұқпа,
Аузы оның епті деп;
Нашардан шыққан жақсының
Сөзін жерге тастама,
Атасы нашар өтті деп.
Орманшы ағаш кесе алмас,
Ақ балтаны қайрамай;
Жорыққа батыр аттанбас,
Жау жарағын сайламай;
Егінші егін сала алмас,
Қос өгізді айдамай;
Көңілмен құрғақ бос жүрсең,
Алақандай жер жүзі
Аспан болар айнадай.
Істемей қолмен іс болмас,
Құры сөзде күш болмас,
Таңдайға дәмі татымас,
Ауызға салып шайнамай;
Ер қолынан іс келмес
Сұңқардайын түйілмей,
Буынып белін түйінбей,
Зердесі жігер қайнамай.
Жабыққанды дерт білмес,
Басқан қайғы серпілмес,
Шамшырақтай жайнамай;
Ер деп атақ алмайсың,
Алмас семсер асынбай,
Кезенген жауды қашырмай,
Асудан ары асырмай;
Бара алмассың байланып
Көңілге алған жеріңе,
Болат найза қайрамай;
Шыға алмассың ұмтылып
Шығам деген өріңе,
Садақ сыртты, күпшек сан
Тобышақ атты жайламай.
Бәрін айт та, бірін айт,
Кез болдың кер заманға.
Тандыр болып тартылып
Қалмайды қор сабан да,
Дәніңді сорып тауысып,
Өрт қояды сабанға.
Қолыңнан дәулет кеткен соң,
Өлер халге жеткен соң,
Жат болар саған, жау болар
Қатын менен балаң да.
Қалаға қарай шұбырып,
Малайлыққа жүресің.
Орыстың қорып қорасын,
Қабаған ит боп үресің,
Пана болмай далаң да.
Өгізін айдап жағынып,
Өткен күнді сағынып,
Шошқасын бағып сабылып,
Шөгір кіріп табанға.
Жол тауып саған беретін,
Көзіңнің жасын көретін,
Соңынан соның еретін
Қалмады елде адам да.
Балам, саған айтқаным:
Даңғыланбай, шаруа жи;
Албырттықты әсерлі
Құрбыңа еріп, көрме сый;
Қолда барың қанағат,
Қолда жоққа құмартып,
Әуреленбе, ләпсің тый;
Әкеңнің айтқан аз сөзін
Құтысына көңіліңнің,
Төгіп алма, дәлдеп құй!
Менің айтқан бұл сөзім
Өміріңе пайдалы,
Басыңда болса егер ми.





Пікір жазу