Қайғылыны уаттым
Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей
Жырын тыңда Дулаттың.
Тасқын судай ағызып,
Шәрбет балдай тамызып,
Торқалы топыр тойында,
Топ бас қосар ойында,
Қасқа, жайсаң алдында
Toп жиынды дулаттым.
Айдасаң алыс жерім-ді,
Алсаң ащы терімді,
Өзіне-өзі сенімді,
Тоят төс, салпы ерінді,
Топтан торай бермейтін
Тұлпар аттай қунақпын.
Қайырсыз, сараң малдыңды,
Еріншек, есер жарлынды,
Халыққа емес сыйымды –
Парақор баспақ биіңді,
Ел бүлдіргіш бегіңді,
Әперіп сөзбен кегіңді,
Улы тілмен улаттым.
Сана құйып ойына,
Қуат беріп бойына,
Аққан жасы сел болған,
Етегі толы көл болған,
Беріш боп шері байланған,
Ұйқы беріп, қайғы алған
Қайғылыны уаттым.
Жырымды менің тындаған
Сөз ұғатын соңғы адам
Тыңдаудан әсте тынбаған.
Гауһардай дүрге бұлдаған,
Сарқырап аққан жылғадан
Жыр арнасы – суатпын.
Шашудай болып шашылар
Меруерттей асыл сөз деген.
Жыршылардың шайыры
Асыл сөзді езбеген.
Нысананы дәл басып,
Қалаған жерден көздеген...
Қамқа бірдей бола ма
Қаламы мата бөзбенен.
Қосылып алтын қорымас
Мырыш пен мыс, жезбенен.
Меруерттей сөзбен шашайын
Бойыма біткен асылым
Ақындық әсер қуатпын.
Сусағанды сулатып,
Шаршағанды қунатып,
Кезегенді тура атып,
Жырыммен елді жетелеп,
Мойыс жерден төтелеп,
Ағылайын ақпадай.
Азған елдің адамы,
Апшыған сұмдар қадамы,
Жүйрікпін деп шабаны,
Момынға жапса жаланы,
Қулық, сұмдық табады.
Арқасы елдің жауыр боп,
Артқан жүгі ауыр боп,
Төрт аяқтан ақсады-ай.
Батыстан патша түнегі
Жеріңе келіп түнеді.
Жоныңнан таспа тіледі,
Ішіңе әбден кіреді.
Оны Дулат біледі.
Серпуге тұяқ жарамай,
Елді басқын басқандай.
Дуан салып ішінен,
Айырып қуат-күшінен,
Ақ патша десе үрпиіп,
Оянып шоршып түсінен,
Аға сұлтан қазының
Ел сілкінді ісінен.
Ауылдың атқамінері –
Жемтікке қонған күшіген,
Өзі тойса, мәз болды,
Ел іргесін сақтамай.
Ер деп елді бұзғышты,
Сұқсыр деп сұмырай қызғышты,
Кезқұйрықты лашын деп,
Кенеусізді асыл деп,
Құладынды сұңқар деп,
Жабыны шабан тұлпар деп,
Құтқармайтын құмай деп,
Төбетке қарғы таққандай.
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын,
Ел пысығы жортады-ай.
Өзі елді қорқытып,
Онан өзі қорқады-ай,
Алдына түсіп томпаңдай.
Жарлылардың торпағы,
Бір торпаққа он болып
Пысықтардың ортағы,
Қарашығын алымы –
Бай-кедейге бірдей боп
Шаңыраққа салығы,
Ел ұйытқысы шайқалып,
Төгіліп судай аққандай.
Сортаң жерге қақ тұрып,
Су ішуге келмейтін,
Сараң байға бақ тұрып,
Қолынан қайыр бермейтін,
Қотиындары бек болды
Елді теріс сермейтін.
Ел ұйытқысын шайқалтып,
Дәулетін судай шашқандай.
Шыр айнала қорған тұр,
Артыңда өрт, алдыңда ор.
Тілеген ақтан момын қор,
Қанды шеңгел зұлым зор,
Болатың босап, болды бор,
Аяғыңды қырықты
Ашылмай қанды қақпан-ай!