21.05.2022
  139


Автор: Серік Сейітман

Қорқамын

Көрінбес апаннан қорқамын
Тағдыр-шал жасырып
тастаған.
Енші алған отаудан қорқамын
Еденін еш мейман
баспаған.
Оқтаулы қарудан қорқамын
Тентек ұл төрінде
сақтаған.
Ар сатқан арудан қорқамын
Ананың ақылын
бақпаған.
Сұмжүрек ақыннан қорқамын
Сайтанның балшығын
илеген.
Сомбілек батырдан қорқамын
Жөн сөзге басын
бір имеген.
Армансыз ұланнан қорқамын
Асқарға бармағын
созбаған.
Кеңтанау құнаннан қорқамын
Құлыннан қара үзіп
озбаған.
Қап-қара тілектен қорқамын
Қаскөйдің кеудесін
кернеген.
Мейірімсіз жүректен қорқамын
Ешкімге ғашық боп
көрмеген…





Пікір жазу