21.05.2022
228
Адам қадірі
Қарасаң да, бауырым, маған қалай,
Құрақ ұшып құлаймын саған қарай.
Шаттығыңа ортақпын әрбіріңнің,
Айналайын, адамдар, адамдар-ай!
Кездескенде көзінше ғана мақтап,
Алалаймыз кейде ақты, қараны ақтап.
Бірімізді біріміз бағаламай,
Сыртымыздан жатамыз балағаттап.
Бересіміз сый болсын, аласымыз,
Болмашыға жөн бе осы таласымыз?
Бауырлар-ай, бауырмал болайықшы,
Бір атаның бәріміз баласымыз.
Жан бақса да жағадан жалбызды алып,
Қайраңдаса, шоршиды жалғыз балық.
Көпшіліктің қадірін білгің келсе,
Күн кешіп көр жапанда жалғыз қалып.