21.05.2022
165
Отансыз адам - имансыз
Айбының асса,
Қайғы-мұң қашса,
Өзімшіл болу дұрыс па?
Қырманның таудай
Қажеті қандай
Жарылқанбаса құмырсқа?!
Түзелер-тұрар,
Күзелер-тынар,
Алданба сеніп тұрмысқа.
Алланың барын
Ұмытсаң, малың
Қырылып қалар бір қыста.
Адамның мәні –
Тәні емес, жаны,
Жан нұрлы болсын, жан нұрлы.
Малына сараң
Масылдар сабан,
Құны жоқ бірақ мал құрлы.
Кәрі ме, жас па,
Адамнан басқа
Байлық жоқ асқан еліңде.
Ойда жүр жақсы,
Отаның басты
Байлығың болсын сенің де.
Тексере көрсең,
Тарихын терсең,
Тастың да болса тегі бар.
Бүркіт те ұшқан
Бұлтқа дұшпан,
Асқақтаудың да шегі бар.
Құтқарар ордан
Момынға қорған
Намаз деп қана ұқпағын.
Отаның құсша
Жүректен ұшса,
Шариғаттан да шыққаның.