21.05.2022
  253


Автор: Серік Сейітман

Қазақтың балуаны

Жауырыны қақпақтай,
Жұдырығы тоқпақтай.
Түскен жауы қолына
Иленеді батпақтай.
Белбеу тағып қайыстан,
Қаймықпаған сайыстан.
Ат мінгенде алшайтып
Бесті белі қайысқан.
Шаужайына жармаспа,
Алып ұрар жамбасқа.
Жалтылдаған қылыш па?
Жарқылдаған алмас па?
БаҺадүрдей баяғы,
Ел-жұртына саялы.
Белдескеннен бел кетті
Аспаннан кеп аяғы.
Дәстүрімнің тұмшалы
Кірмес онсыз бір сәні.
Оны туған ананың
Құттыхана құрсағы.
Ел дегенде емінген,
Емес артқа шегінген.
Жүрегінен басқасы
Жаратылған темірден.
Ет жүрегі «Елім!» дер,
Елі болса «Бегім!» дер.
Ер кездессе осындай,
Қызыңды, әке, тегін бер.





Пікір жазу