21.05.2022
  234


Автор: Серік Сейітман

Ерім мен жерім

Алласы қолдап, дем берер
Ақының толғап, термелер.
Сығандай босып, сандалып,
Жайым жоқ бүгін сенделер.
Егемен көктем Елім бар,
Көнеден жеткен Жерім бар,
Жан дертім содан емделер.
Ел десем – ойға Жер келер,
Жер десем – ойға Ер келер!
Емеспін халық ақтабан,
Ақтабан емес Сақ бабам.
Атамның бәрі ой баққан,
Тек қана қойды бақпаған.
Тұлпардың мөр боп табаны,
Ұлан да ғайыр даланы
Ұрпағын ойлап сақтаған.
Ұйқымен таңы атпаған,
Күлкімен күні батпаған!
Азамат сайлап жігіттен,
Арғымақ байлап күліктен.
Қайран да қайран бабам-ай,
Өмірден өткен үмітпен.
Күнге еріп жүріп күн кештің,
Айға еріп жүріп Түн кештің,
Айбатыңнан жау үріккен.
Тоқымдай Жердің тағдыры
Тоқымын аттың шіріткен!
Тұяғы тозған құланның,
Қанаты талған қыранның
Төгілді қаның әм терің
Топырағында Тұранның.
Сарысүйек болған бабалар,
Сұңғыла, ділгір даналар,
Иесі менмін мұраңның.
Ерлігің ессіз емінтіп,
Әлі де талай жылармын!
Сөзімді болса салмақтар,
Бабамды балам ардақтар.
Тарихтан тәлім термесе,
Тістелер неше бармақтар.
Алсыншы қабыл Құдай-Хақ,
Арнадым саған жыр-аят,
Шейіт боп кеткен аруақтар.
Сүйемдей жердің қамы үшін
Сүйегін берген саңлақтар!
Тұлғам бар бөлек басқадан,
Тумай ма төбел қасқадан.
Қансіңді Жерім қастерлі,
Түкіруге де жасқанам.
Қарыңды жылы көрпе ғып,
Жамылып, жанып-өртеніп,
Тасыңды басқа жастанам.
Алаштай байтақ Елімнің
Асықтай жері – астанам!





Пікір жазу