21.05.2022
  153


Автор: Динара Мәлік

Үйімнен безсем бе екен?

Үйімнен безсем бе екен?
...Жылытқан тоңғанымда...
Күйеуден безсем бе екен,
Қолына қонғанымда.
Отаннан безсем бе екен,
Опасыз болып қалып.
Ақ бұлтқа көшсем бе екен,
Арманым солып қалып.
Өлеңді құшсам-бөтен,
Қалды ма жазаланып.
...Қай жаққа ұшсам екен,
Қауырсын жасап алып?!
Жүрексіз жүрмін жүдеп,
Бұл тірлік тірілте ме?
Көлеңкем ол да-түнек,
Шөктіріп, шегінте ме?!
Қара жер, қия алмадым,
Көзіңде жас қалардай.
Жыр жазбай жүре алмадым,
Бір кеуде бос қалардай..





Пікір жазу