21.05.2022
  143


Автор: Динара Мәлік

Түн келіп, сүйсе деп тіледім...

Түн келіп, сүйсе деп тіледім,
Тілімді тіліне байлатып.
Мойныма асылған білегін,
Қойныма жіберсем ойнатып.
Жүректі соқтырып жандырып,
Тіршілік тәнімде сөйлесе.
Есімді тандырып, таң қылып,
Ал, ертең ештеңе білмесе!
Ғажапқа шөлдеген азаппын,
Деміңде дүрсілдеп тынайын.
Құласын кеудемде тозақ-түн,
Жаным-ау енді не сұрайын?
Аялдап тұрар ма азырақ,
Айрылысу қасірет араймен.
Көзіме кіл өлең жазып ап,
Өмірді сүрейін қалай мен?
Ләззат деп атай ма мұны да,
Әйелмін, айыпты емеспін!
Бар бақыт сыяды жырыма,
Бақытсыз демейді мені ешкім!





Пікір жазу