21.05.2022
  135


Автор: Динара Мәлік

Көктем келсе, күнім қалай гүлдемек...

Көктем келсе, күнім қалай гүлдемек,
Өзің жақтан әкелер ме бір дерек?
Әппақ қарлар билеп жатыр алаңсыз,
Көз алдымда дөңгелеп.
Жер үстінде, өмір жатты қаланып,
Аспан жақта құдіреттің бары-анық.
Көз алдымда ұшып жатыр ұстатпай,
Мендегі ізгі балалық!
...Жасымнан да, ғасырдан да жаңылдым,
Қармен бірге, қара жерге ағылдым.
Адамдарға үлестіріп үмітті,
Періштедей танылдым!
Сөйлемедім, сезінбедім, уақытты,
Ай аймалап, Күн күлімдеп жатыпты.
Жалғыз сөзді түсіндім де қалғыдым,
“Қарлар екен бақытты!”
Жұлдыз, аспан, көз алдымда Ай-анық,
Кеттім бір сәт, жай түскендей оянып.
Жер үстінде барады екем иленіп,
Ақ көйлегім, қара түске боялып!





Пікір жазу