21.05.2022
  128


Автор: Динара Мәлік

Келіп тұр даусыңды естігім...

Келіп тұр даусыңды естігім,
Сағыныш меңдейді кешқұрым.
Тұтқаны көтеріп дей салшы,
«Сөйлесе алмаймын кеш, күнім...»
Даусыңның дірілін сезініп,
Деміңде кетейін үзіліп.
Аспанның аңсары адассын,
Жұлдыздың жанары көз іліп.
Хат жазғым келіп тұр қамығып,
Бір бөлме барады тарылып.
«Сүйем» деп сөз жазсам сескенбей,
Жүр деме есінен жаңылып.
Уақыт та ұйқыда...түнжарым...
Білсем де жаныңда кім барын.
Тып-тыныш әлемді жылытып,
Келіп тұр даусыңды тыңдағым...





Пікір жазу