21.05.2022
  121


Автор: Динара Мәлік

Қала мені шамдарымен арбайды...

Қала мені шамдарымен арбайды,
Бұл қалаға болмайды екен ар-қайғы.
Жарықтардың жанарына мұң сіңген,
Жанымды бір шарықтата алмайды.
Бұл қалаға керек екен махаббат,
Сезімім жүр суық қарды аралап.
Бір досым кеп, сенімімді жылатты,
Бір досым жүр, тағдырымды табалап.
Адамдарға тән болған соң жаңылу,
Жүректерде болады екен жабығу.
Бұл қалаға керек екен мен құсап,
Бір адамды, бір жүрекпен сағыну!
Керек екен бұл қалаға жылылық,
Дала туған, Ана туған ұлылық.
Қызыл гүлдер бүршік ашса қыста да,
Аппақ қардың жалғыздығын ұғынып.
Ал көктемдер, серік болса күзге ше?
Жып-жылы жаз, желтоқсанды іздесе.
Бұл мезгілдер қосылмайды ешқашан,
Біздің тағдыр сондықтан да өзгеше.
Біздің қала содан болар суықтау,
Сіздің қала содан болар тұйықтау.
Құмарымды сезсең, жаным шегі жоқ,
Қиялымды керек шығар құлыптау...





Пікір жазу