21.05.2022
163
Түн түрткілеп оятады, ақырын...
Түн түрткілеп оятады, ақырын,
Ысырамын көрпемді.
Жетер емес, жетер емес ақылым,
...Тәнім неге өртенді?
Тынығын-ай, тымығын-ай даланың,
Өз деміме тұншығамын, масқара!
Анарымды Айға төсеп барамын,
Сүйгізбеген басқаға!
Жалғыз екем, жалғыз екем шынында,
Түн ием-ау, сабырыма табыстыр!
Сүрініп кеп сымбатыма тығылма,
...Жүрегімнен алыс тұр.
...Ал, таңертең мүлдем басқа бөтенмін,
Өзім қаппын шашылып.
Қиялыма сия алмаған екенмін,
...Көрпем жатыр ашылып...