21.05.2022
  129


Автор: Динара Мәлік

Алла ғана безінбейді адамнан...

Алла ғана безінбейді адамнан,
Алла ғана бөлінбейді ғаламнан.
Жердің беті, жүректердің жұпары,
Бір Алланың мейірінен жаралған.
Жалғыз саған құлшылығым белгілі,
Аян екен, мендік өмір ендігі...
Ақыл айтып, батыр болып бұл күнде,
Адамдардың өлшеніп жүр ерлігі.
Сен барлығын естіп тұрсың кешіріп,
Еркелейді пенде біткен есіріп.
Бірін-бірі Құдай тұтып құлдарың,
Шын Алласын тауып жатыр кешігіп.
Сезем, ол да, кешіреді пендесін,
Бұл жалғанға бірінші рет келгесін.
Бір Аллаға тең келер ме құдірет,
Айтар пенде “Алла ғана кең” десін.
Келген таңды сүйіп тұрдым “тәубе” деп,
Тәубеліктен тауып жүрмін бір медет...
Құран ғана қадіріңді арттырып,
Алла ғана азабыңды емдемек.





Пікір жазу