21.05.2022
114
Көңіл де бүгін басылған..
Көңіл де бүгін басылған,
Жасырғаным көп ғасырдан.
Өткергенім бар басымнан,
Бес күндік мына өмірде,
Пенде де болып тасынғам.
Түңілгенім көп өлмедім,
«Білемін» дедім, білмедім.
«Сүйемін» дедім, сүймедім,
Сынағында сындым Алланың,
Болмады сабақ түйгенім.
Құлақ жоқ жерде мақтандым,
Жүрек жоқ жерде шаттандым.
Тілімнен қайғы тапқанмын,
Мүмкін мен талай адамның,
Аузында сөз боп қақталдым...
Бақытымнан да жеріндім,
Жаны жоқ сөзге семірдім,
Содан соң, іштей егілдім,
Дөңгеленген мынау дүние ,
Дымымды қоймай кемірдің.
«Алла» деп тілім сайрайды,
Қолымды қулық байлайды,
Жанымды жын кеп жайлайды,
Оңаша ойда қалған соң,
Өзімнен қашам сол қайғы.
Тереңге жетіп тамырым,
Мәңгі өмір берші Жарығым.
Анамның қалған арымын,
Барымды шашып алмайын,
Сарқыла көрме сабырым!